Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесін игеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бұл үдерістің маңызды кезеңі – өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесін игеріп жатыр
Фото: ҚР Үкіметі

Астанада өткен кездесуде елордалық Білім басқармасы мен Қаржылық орталық өкілдері Абай және Павлодар облыстарынан келген әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.

2025 жылдың басынан бастап Астана толықтай ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкен. Жаңа жүйеге 600-ден астам балабақша қатысып, берілген ваучерлер саны 18,9 мыңға жетті. Бұл механизм мектепке дейінгі ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырысты ашық әрі тиімді бөлуге бағытталған. 

Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесін игеріп жатыр
Фото: ҚР Үкіметі

Кездесу барысында ваучерлік қаржыландырудың негізгі бағыттары, оның білім беру жүйесіне тигізетін оң әсері және ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар үшін тиімді тұстары талқыланды. Делегация өкілдері жаңа жүйеге көшуге қатысты туындаған сауалдарына жауап алды. 

Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтары:

• балабақшалар арасында дұрыс бәсекелестікті қалыптастыру арқылы қызметтер сапасын арттыру;

• ата-аналардың білім беру мекемесін таңдау еркіндігі;

• қаржыландыру және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы.

Ваучерлік қаржыландыру Астанадан өзге Тараз, Түркістан, Орал және Шымкент қалаларында да сәтті енгізілді. Жаңа жүйенің арқасында Түркістан, Орал және Тараз қалаларында 2 жастан асқан балалардың кезегі толығымен қанағаттандырылды. 

Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесін игеріп жатыр
Фото: ҚР Үкіметі

Алдағы уақытта өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу жалғасады. Бұл еліміздің барлық өңірлеріне ваучерлік қаржыландыруды тиімді енгізу үдерісін жеделдетуге және мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары жөнінде пікір білдірген еді. Онда Мемлекет басшысы енді мектептер де ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін екенін айтты. 

Соңғы жаңалықтар