Енді мектептер де ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары жөнінде пікірін білдірді.

мектеп
Фото: Үкімет

Оның айтуынша, мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет.

− Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті, − деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады.

− Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жылда тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет, − деді Президент.

Осы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Онда Мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін еске салды.

 

Соңғы жаңалықтар