Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу: 11,5 мың өтінім берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі жылдары мемлекеттік қызмет саласында біраз өзгеріс болды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жазаны күшейту бойынша бірқатар заңнамалық норма қабылданды. Сонымен қатар, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар мен әкімдердің еңбекақысын көтеруге бесжылдық мораторий жариялады. Атап айтқанда, қазір мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 56% болса, жастардың үлесі – 35,2%, орташа жас – 40,2, сондай-ақ шетелдік ЖОО-ның түлектері 3 мың адамға жетті.

Түлектерді қызметке конкурс өткізбей-ақ тағайындау
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолмановтың айтуынша, елімізде қызметке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметті цифрландыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Агенттік жаңа іріктеу қағидаларын әзірлеп, «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталын іске қосты.
«2023 жылдың 1 наурызынан оған 6 мемлекеттік орган қанатқақты режимде қосылған еді, ал қазіргі кезде 22 мемлекеттік органда жүзеге асырылып келеді. Өз кезегінде, осы жылдың 1 шілдесінен бастап қосымша 22 мемлекеттік орган бұл тізімге енгізіледі. Жаңа жобаның ерекшелігіне тоқталсақ, азаматтар конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн түрде қашықтан, интернетке қолжетімді кез келген жерден және қалаған уақытында қатыса алады. Тараптардың арасында мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін мемлекеттік органдарда үміткерлердің іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз етуге жүйемен берілген сәйкестендіру нөмірі ұсынылады. Сондай-ақ «адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімінің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі (онлайн тестілеуді қарау және бақылау құралы) қамтамасыз етеді және конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалады», - деді А. Жолманов.
Нәтижесінде, жаңа жоба бойынша өткізіліп жатқан конкурстарда бір орынға қатысатындардың үлесі 4,6 адамға дейін артты. Яғни қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда, қатысатындардың саны 2,7 есеге өсті. Бұл өз кезегінде азаматтардың жаңа жоба аясында мемлекеттік қызметке қызығушылығы біршама артқанын көрсетті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша да жұмыс жалғасып келеді. Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс аясында білім алған түлектерді мемлекеттік қызметке тарту жөніндегі өзгерістер өңірлердегі ұзақ уақыт бос тұрған орындарды әлеуеті жоғары жас мамандармен толықтыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен әрі жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен төмен емес) бітірген түлектерді аудан және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылды.
Нәтижесінде, жаңашылдыққа байланысты елімізде оқу көрсеткіші 3,33 балдан төмен емес бітірген 203 маман қызметке конкурс өткізілместен орналасты.
Екіншіден, енгізілген жаңашылдықтар аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басшылық лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасу тетігі белгіленді. Атап айтқанда, Агенттік былтырдан 442 үміткердің тағайындалуына келісім берді.
Өңірлерге талант жастарды тарту
2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен меритократия және ашық іріктеу қағидаттары негізінде мемлекеттік қызметке жас, талант және перспективті мамандарды тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру жұмыстары басталды. Бұл – мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдер енгізе алатын дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт.
Биыл мамыр айындағы мәліметке қарағанда, Президенттік жастар кадр резервінде 400 адам (2019 жылы – 300 резервші, 2021 жылы – 50 резервші, 2023 жылы – 50 резервші) бар, оның ішінде 291 адам жұмысқа орналастырылған. Орталық мемлекеттік органдарға – 153 резервші, жергілікті атқарушы органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 58, өзге де және жеке ұйымдарға – 44 резервші тағайындалды. Оның ішінде, 3 резервші – депутат, 36 резервші – саяси лауазымда, 3 резервші «А» корпусының лауазымдарында қызмет атқарып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өңірлік кадр резервтері институтын енгізуді көздейтін өзгерістер жасалды. Өңірлік кадр резервіне кандидаттарды іріктеу өңірлерді дамытудың ерекшелігі мен басымдықтарын ескереді және 7 бағыт шеңберінде жүзеге асырылады (индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология). Сонымен қатар, резервшілердің нақты салалық бағыттары мен санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.
«Іріктеуге қатысуға барлығы 11505 өтінім берілді. Құжаттарды зерделеу қорытындысы бойынша заңнаманы білу тестілеуіне 5354 адам, жеке қасиеттерін бағалауға 2433 адам жіберілді. Құзыретін бағалауға 939 адам келді. Өңірлік кадр резервіне алынған адамдар уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбей-ақ орналаса алады. Осылайша, өңірлік резерв, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдарға жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған», – деді Азамат Жолманов.
Жылда 25,5 мың адам қайта даярлаудан өтеді
Мемлекеттік қызметшілердің құзыретін үнемі жаңартып, жетілдіруге ерекше назар аударылып отыр. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқытуды іске асырады. Дәріс оқуға отандық сарапшылармен қатар, шетелдік жетекші сарапшылар, мемлекеттік басқару және дипломатиялық қызмет мамандары тартылады. Биыл магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуды 134 мемлекеттік қызметші аяқтайды.
«Жобалық қызметке тартылған қызметшілерді тұрақты негізде оқыту және сертификаттау жалғасып келеді. Қазір сертификатталған жобалық менеджерлердің жалпы саны 3 189 адамға жетті. Бұдан басқа, жыл сайын 25,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім мен тәжірибе алу мақсатында олардың тағылымдамасы өткізіледі. Мемлекеттік қызметшілер тағылымдамадан тек мемлекеттік органдарда ғана емес, сонымен қатар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік емес сектор кәсіпорындарында да өте алады (бес күннен бір айға дейінгі мерзімге). Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тағылымдамадан 329 қызметші өтті», - деді А. Жолманов.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және мемлекеттік органдардың ұтымды құрылымын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасып отыр.
Біріншіден, басқа елді мекенге ротацияланған қызметшіге тұрғын үйді жалға алуға арналған төлем жасалады.
Екіншіден, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің апараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Үшіншіден, «Б» корпусы қызметшілерінің қызметін бағалаудың жаңа форматы тоқсан сайын тиімділікті өлшеудің озық құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі (KPI, саралау). Бағалаудың жаңа форматы құрылымдық бөлімшенің/мемлекеттік органның басшысы үшін нысаналы мақсатты индикаторларға қол жеткізу негізінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, төрт тоқсан қатарынан неғұрлым жоғары баға алған қызметшілерді ауыстыру тәртібімен келесі жоғары санаттағы лауазымға тікелей тағайындау ескерілген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 130 мемлекеттік қызметші лауазымында жоғарылады.
Төртіншіден, мемлекеттік қызметтегі келісімшарттық қызметшілер институты енгізілді. Осыған байланысты Үкіметтің «Келісімшарттық қызметшілерді тарту қағидаларын, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік органдарға ұлттық және басқа да жобаларды іске асыру үшін тартылуы мүмкін.