Өңірлік квотаға енгізілмеген хирург сотта жеңді: Мансап орталығы кінәлі деп танылды

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарда қоныс аударушы хирургтің құқығы бұзылғаны анықталды. Сот Мансап орталығын оны квотаға қосуды міндеттеді, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

дәрігер
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

2024 жылдың қыркүйегінде оңтүстік өңірден Павлодарға қоныс аударған хирург қаладағы емдеу мекемелерінің біріне жұмысқа орналасқаннан кейін, қоныс аударушыларға арналған өңірлік квотаға қосылып, материалдық қолдау алуға ниеттенген. Ол Мансап орталығына жүгінген кезде, қызметкерлер квотаға енгізу үшін қосымша құжаттар, оның ішінде Павлодар қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеуді талап еткен.

Алайда 2024 жылдың желтоқсанында орталық ағымдағы жылға квота бөлудің аяқталғанын айтып, оның құжаттарын қабылдаудан бас тартты. 2025 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өтініш иесі қайтадан жүгінгенімен, бұл жолы көші-қон веб-порталына электронды форматқа көшу себеп болып, өтініш тағы қабылданбаған. Жүйе Павлодар облысында тіркелген азаматтардың өтініштерін техникалық тұрғыда қабылдамаған.

Бірнеше рет ескерусіз қалғаннан кейін азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Сот Мансап орталығының әрекетін заңсыз деп таныды. Шешімде орталық квота беру тәртібін реттейтін Ереже нормаларын дұрыс түсіндірмегені, ал жергілікті тіркеуді талап ету — заңға қайшы екені көрсетілді. Сонымен қатар техникалық ақау немесе заңда қарастырылмаған құжаттарды талап ету жеңілдіктерден бас тартуға негіз бола алмайтыны атап өтілді. 

— Сот хирургтің Павлодар облысында тұрақты тұруды таңдағанын және аймақта әлеуметтік маңызы бар медициналық қызмет көрсететінін ескеріп, Мансап орталығына оны 2024 жылдың қазан айынан бастап өңірлік квотаға енгізуді міндеттеді. Осы күннен бастап оның материалдық көмек алуға құқығы бар екені мойындалды. Сонымен бірге сот уәкілетті органға талап қоюшының құқығын бұзған лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдану туралы жеке ұйғарым шығарды. Нәтижесінде Мансап орталығының директоры тәртіптік жазаға тартылды. Сот шешімі заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын биыл 5 мыңнан астам адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар