Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оңтүстік Қазақстанның миллионнан астам халқына сапалы ауыз су жеткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат Бүгін елордада «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары Эрик Якубаев пен Германияның «WIND POWER GmbH» компаниясының басшысы Роберт Густав Оңтүстік Қазақстан облысының 1 миллионнан астам халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңтүстік Қазақстанның миллионнан астам халқына сапалы ауыз су жеткізіледі

Қол қою рәсімі аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш меморандумға қатысты жайттармен бөлісті.

«Оңтүстік Қазақстан облысының Сарағаш ауданында 360 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Халықтың табиғи өсімі өте жоғары. Оған қоса Өзбекстаннан көшіп келіп жатқан қандастарымыздың қарасы да қалың. Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара аудандарында да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Бірақ, Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарында ауыз су ретінде пайдаланатын жерасты суы жоқ. Сондықтан халық Келес өзенінің суын пайдалануға мәжбүр. Мақтарал мен Шардарада да осындай жағдай», - деді ол.

Комитет басшысының атап өтуінше, енді 10-15 жылдан кейін аталған аудандардың халқын сумен қамтамасы ету проблемасы туындайды. Сондықтан Бөген өзенінен аталған аудандардың миллионнан астам халқына су тартып беру жұмыстары жоспарланып отыр.

«Таудан су тартқаннан кейін әр жерлерде тоғандар салынады. Сол тоғандарға су электр стансасын салуға болады. Бұл коммерциялық тұрғыда кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып отыр. Қазіргі уақытта Германияның «WIND POWER GmbH» компаниясы біздің аталған жобамызға атсалысуға келісім берді. Бүгін міне, арнайы меморандумға қол қойдық. Аталған меморандумға сәйкес, біз жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауымыз қажет. Оған инвестор өз қаржысын салмақшы. Биыл біз техникалық-экономикалық негіздемесін дайындайтын болсақ, келесі жылдың ортасына дейін жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Келесі жылдың екінші жартысынан құрылыс жұмыстары басталады. Менің ойымша, 2021 жылы құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс»,- деді Ислам Әбіш.