Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер Алматы облысының тұрғындарын тегін қабылдады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықаралық медициналық туризмді дамыту мақсатымен Оңтүстік Кореядан дәрігерлер келді. Әлемдегі жетекші «Инха» клиникасының мамандары қазір Алматы облысында тегін кеңестер беруде. Ал ем алушылардың біріне жоғары білікті дәрігерлер қымбат отаны Кореяда тегін жасамақ.
Оңтүстіккореялық дәрігерлерден кеңес алу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен азаматтар жиналуда. Диагностикалау тегін жүргізілуде.
Талдықорғандық Алма Қаракүшікова көп жылдан бері бүйрек ауруынан зардап шегуде. Жуырда дәрігерлер оған қоса, бауыр циррозы диагнозын қойған. Алайда кореялық мамандар мұны растамады. Айта кетейік, «Инха» клиникасы озық технологиясымен, онкологиялық, цереброваскулярлық және жүрек-қантамырлары дерттерін 100% диагностикалаумен және емдеумен танымал. Шетелдік дәрігерлерді елімізге «Korea vision» туристік фирмасы шақырды. Компания Кореядағы өзге 40 клиникамен де серіктес. Олар - көпсалалы ауруханалар және қызмет көрсету аясы шектеулі емдеу мекемелері. Жақын арада оңтүстіккореялық дәрігерлер осындай кеңес беру шараларын Астанада да өткізуді жоспарлап отыр.