Оңтүстік өңірлерге электр энергиясын беру толық қалпына келтірілді - KEGOC

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесінің оңтүстік аймағын электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Бұл жайында «KEGOC» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік өңірлерге электр энергиясын беру толық қалпына келтірілді - KEGOC

«Қазіргі уақытта ұлттық электр желісінің қалыпты сызбасы толығымен қалпына келтірілді. Қырғызстан және Өзбекстанның энергия жүйесімен параллельді жұмыс жолға қойылды. Сағат 15:50-де (Нұр-Сұлтан уақытымен) Алматы қаласы, Алматы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары тұрғындарын электрмен жабдықтауға шектеулер толығымен алынды. «Қазфосат» және «ТМЗ» ЖШС-леріне ғана электр берілген жоқ», - деп атап өтеді компаниядан.

«KEGOC» мәліметінше, сағат 20:41-де Жамбыл облысын қоса алғанда оңтүстік аймақтағы барлық шектеулер алынды. Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 25 қаңтарында сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан уақытымен) Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған ақау салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі орын алды.

Соның салдарынан Алматының бірнеше ауданында электр энергиясы өшіп қалды. Сондай-ақ Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты іркіліс болды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарық Жамбыл және Түркістан облыстарында да өшкені туралы жазылды.

Электр энергиясы Қазақстанмен қатар, Өзбекстанда және Қырғызстан елдерінде де өшті.