Қазақстанның оңтүстік аймағында жарық жоқ: «KEGOC» себебін түсіндірді
«2022 жылдың 25 қаңтарында сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан уақытымен) Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған айтарлықтай апаттық теңгерімсіздіктің салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі орын алды.
Соның салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» транзитінің апатты бөлінуі орын алып, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушылардың басым бөлігі үшін жарық өшті. Шектелу көлемі шамамен 1 500 мегаватты құрайды. Қазіргі уақытта жүйе операторы «KEGOC» АҚ апатты жою іс-шараларын қабылдап жатыр», - делінген компания ақпаратында.
Бұған дейін «Самұрық-Энерго» АҚ Алматыда электр энергиясының өшуіне байланысты түсінік берген еді.
«Өңірді энергожүйенің солтүстік және оңтүстік бөліктерімен байланыстыратын жоғары вольтты электр желілерінің апатты түрде тоқтауына байланысты Алматы қаласы мен Алматы энергетика орталығы оқшауландырылған жұмысқа ауыстырылды», - деді компаниядан.
Сондай-ақ бүгін Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты ақаулар болды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарық Жамбыл және Түркістан облыстарында да өшкені туралы жазылуда.