Оңтүстік Корея миллиондаған тұтынушының дерегі таралуына байланысты Coupang-ға 400 млн доллар айыппұл салды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның жеке ақпаратты қорғау комиссиясы тұтынушылардың деректерін жаппай бұзған Coupang интернет-дүкеніне рекордтық айыппұл салды. Жалпы айыппұл көлемі 400 миллион доллардан асады, деп хабарлайды ВВС.

Оңтүстік Корея миллиондаған тұтынушының дерегі таралуына байланысты Coupang-ға 400 млн доллар айыппұл салды
Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореяның реттеуші органы киберқауіпсіздік талаптарының жеткіліксіз сақталуы елдегі ең ірі электронды сауда платформасы, жергілікті Amazon баламасы саналатын Coupang пайдаланушыларының жеке деректерінің таралуына әкелді деп есептейді.

Жеке ақпаратты қорғау жөніндегі комиссия (PIPC) компанияға дербес деректердің таралуына байланысты 423,6 млрд вон, ал пайдаланушылардың тиісті келісімінсіз ақпарат жинағаны үшін тағы 201 млрд вон көлемінде айыппұл салды. Осылайша, жалпы айыппұл көлемі 624 млрд воннан асып, 400 млн доллардан жоғары болды.

Реттеушінің мәліметінше, оқиғаға ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі елеулі кемшіліктер себеп болған. Атап айтқанда, аутентификация кілттерін басқару және қолжетімділікті бақылау тетіктері тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.

Тергеу нәтижесінде деректердің таралуы шамамен 37,5 млн пайдаланушы аккаунтына әсер еткені анықталды. Тұтынушылардың аты-жөні, байланыс деректері, жеткізу мекенжайлары және тапсырыс тарихы жария болған. Бұл айыппұл Оңтүстік Корея тарихындағы ең ірі санкция ретінде тіркелді.

Coupang компаниясы болған жағдайға өкініш білдіріп, қауіпсіздік шараларын күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен бірге компания комиссия қорытындысымен келіспейтінін айтып, шешімге шағым түсіретінін жеткізді.

— Тұтынушылардың алаңдаушылығын түсінеміз және олардың деректерін қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруді жалғастырамыз, — делінген компания мәлімдемесінде.

Тергеу өткен жылдың қараша айында деректердің ықтимал таралуы туралы хабарламалардан кейін басталған. Сол кезде компания шамамен 4,5 мың аккаунтқа қатысты ақпараттың сыртқа шыққанын хабарлаған еді. Алайда кейінгі ішкі тексерулер оқиғаның ауқымы әлдеқайда кең болуы мүмкін екенін көрсетті.

Компания дерегіне сәйкес, кибершабуыл жасағандар 34 млн-ға жуық аккаунтқа қол жеткізуі мүмкін болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл елден тыс жерде орналасқан сервер арқылы жүзеге асырылған.

Оқиғадан кейін компанияның бас директоры Пак Дэ Чжун қызметінен кетіп, тұтынушылардан жария түрде кешірім сұрады. Компанияның уақытша басшысы болып әкімшілік директор Гарольд Роджерс тағайындалды.

Coupang төңірегіндегі бұл жағдай соңғы жылдардағы Оңтүстік Кореядағы ең ірі кибер оқиғалардың бірі болды. Бұған дейін ірі ұялы байланыс операторы SK Telecom-ға 20 миллионнан астам абоненттің деректері тарап кеткен соң 100 миллион долларға жуық айыппұл салынған болатын.

Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы үш айында қазақстандықтарға 405 млн теңге көлемінде шығын өтелді