Оңтүстік Кореяда арықтататын дәрілерді заңсыз әкелу үш еседен аса артып кеткен

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяда Wegovy және Mounjaro сияқты арықтауға арналған препараттарды шетелден заңсыз әкелу деректері биылғы бірінші жартыжылдықта 2025 жылғы жалпы көрсеткіштен үш еседен астам артты. Бұл туралы Kyodo News жазды.

Оңтүстік Кореяда арықтататын дәрілерді заңсыз әкелу үш еседен аса артып кеткен
Фото: heraldcorp.com

Корея кеден қызметінің мәліметінше, қаңтар-маусым аралығында препараттарды шетелден тікелей сатып алу және басқа да заңсыз жолдармен елге кіргізудің 4155 дерегі анықталған. Ал 2025 жылы мұндай 1189 жағдай тіркелген.

Сонымен қатар биылғы алғашқы алты айда Wegovy және Mounjaro препараттарының 391 қорабы кеденнен заңды түрде өткізілген. Былтыр жыл бойы бұл көрсеткіш 191 қорап болған.

Заңсыз тасымалдың басым бөлігі пошта арқылы жүзеге асырылған. Бұған шетелдік интернет-дүкендерден арықтауға арналған дәрі сатып алып, халықаралық пошта арқылы тапсырыс беретіндер санының артуы себеп болып отыр.

Биылғы бірінші жартыжылдықта кеден қызметі Wegovy және Mounjaro препараттары бар 3489 заңсыз пошта жөнелтілімін анықтады. Бұл 2025 жылғы 1046 жағдаймен салыстырғанда үш еседен астам көп.

Бұдан бөлек, препараттарды жолаушылардың жеке алып өтуіне қатысты 656 жағдай тіркелген. Былтыр мұндай 134 дерек анықталған. Wegovy және Mounjaro препараттарын жолаушылардың қол жүгімен елге әкелуге тыйым салынған.

– Wegovy және Mounjaro препараттарын рұқсатсыз әкелу – Кеден туралы заңды өрескел бұзу және ол үшін жаза қарастырылған. Біз қауіпті фармацевтикалық препараттардың шекара арқылы заңсыз тасымалдануына қатаң тосқауыл қоямыз, – деді кеден қызметінің өкілі.

Еске сала кетсек, Үндістанда химиотерапияны алмастыруы мүмкін қатерлі ісікке қарсы препарат әзірленгенін жаздық.