Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті тағы екі жылға бас бостандығынан айырылды

АСТАНА.KAZINFORM - Дүйсенбі күні Сеулдің аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді сегіз қылмыстық істің бірі бойынша екі жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Yonhap.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті тағы екі жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: chosun.com

Сот бұрынғы президентті «Саяси қорлар туралы» заңды бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.

Арнайы прокурорлар тобы бұған дейін оны жұбайы, бұрынғы бірінші ханым Ким Кон Химен сөз байласты деп айыптаған. Тергеу мәліметінше, Юн Сок Ёль 2021 жылғы сәуір мен 2022 жылғы наурыз аралығында ықпалды саясаткерден жалпы құны шамамен 270 миллион вон (шамамен 180 мың АҚШ доллары) болатын 58 қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесін тегін алған.

Аталған іс бойынша прокурорлар экс-президентті төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Юн Сок Ёльге сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсанда елде қысқа мерзімге әскери жағдай енгізу арқылы бүлік ұйымдастырды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Жалпы әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты оған қарсы сегіз қылмыстық іс қозғалған.

2026 жылғы ақпанда Юн Сок Ёль әскери жағдай жариялау арқылы бүлік ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Кейін ол бұл үкімге шағым түсірді.

Маусым айында бұрынғы президент жауға жәрдемдесті және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар бойынша 30 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты сот төрелігіне кедергі келтірді деген іс бойынша бұрынғы президентке шығарылған жеті жылдық бас бостандығынан айыру туралы үкімді күшінде қалдырған болатын.