Оңтүстік Кореяның экс-президентіне тағы 30 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль жауға көмектесті және билікті теріс пайдаланды деген айыппен 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды Yonhap. 

Бывший президент Южной Кореи приговорен еще к 30 годам тюрьмы
Фото: The Korea Times

Юн Сок Ёль 2024 жылдың желтоқсанында әскери жағдай жариялау сылтауымен шекарадағы шиеленісті күшейту мақсатында Солтүстік Кореяға дрондардың енуін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён да арнайы прокурордың 25 жыл сұрауына қарамастан осы операцияларға қатысқаны үшін 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

— Әскери жағдай енгізуге негіз қалыптастыру үшін айыпталушылар психологиялық соғыс тактикасын қолдануға шешім қабылдаған. Олар КХДР-ды арандатып, түрлі арандатушылық әрекеттерге итермелеуді, кейін мұны жергілікті қақтығыс сияқты қарулы жанжал туындатуға немесе әскери шиеленістің күшеюі салдарынан ұлттық қауіпсіздік саласында дағдарыстық жағдай қалыптастыруға пайдалануды көздеген, — делінген сот шешімінде.

Юн Сок Ёльдің адвокаттары дрондарды орналастыру Солтүстік Кореяның 2024 жылы Оңтүстік Кореяға қоқыс тиелген шарларды ұшыруына жауап ретінде заңды әскери операция болғанын алға тартады. Олар шешімге қатты өкініш білдіріп, апелляциялық шағым түсіруге уәде берді.

Жұма күні шығарылған шешім бір жылға жуық уақыт бойы қамауда отырған бұрынғы президент үшін тағы бір айыптау үкімі болды. 
Елде әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты оған қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ельге 2024 жылдың желтоқсанындағы бүлік туралы іс бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Юн Сок Ёль өзіне шығарылған өмір бойына бас бостандығынан айыру үкіміне апелляциялық шағым түсірді. 

Қаңтар айының соңында Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хиді іскерлік келіссөздер кезінде шіркеу бірлестігінен қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп тауып, бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.