Оңтүстік Кореяның экс-премьері Ли Хэ Чхан қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея Республикасының бұрынғы премьер-министрі Ли Хэ Чхан жексенбі күні Вьетнамда көз жұмды. Бұл туралы Синьхуа Yonhap агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Yonhap мәліметінше, Ли Хэ Чхан жұма күні Хошимин қаласына жасаған сапары кезінде кенеттен есінен танып, шұғыл түрде жергілікті ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер оған «жіті миокард инфаркті» диагнозын қойып, стенд қою процедурасын жүргізген. Алайда ол есін жимаған күйі жергілікті уақыт бойынша сағат 14:48-де қайтыс болды.
Жеті рет депутат болып сайланған, Оңтүстік Кореядағы демократиялық қозғалыстың ардагері Ли Хэ Чхан 2004–2006 жылдары бұрынғы президент Но Му Хённің тұсында премьер-министр қызметін атқарған. Сонымен қатар ол Қоғамдық бірлік жөніндегі консультативтік кеңестің аға вице-президенті қызметінде болған.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұрынғы премьер-министрі Хан Док Су сәрсенбі күні 2024 жылы әскери жағдайды қысқа мерзімді енгізуге көмектескені және қолдағаны үшін кінәлі деп танылып, 23 жылға сотталды.