Оңтүстіккореялық рамен рекорд орнатты: Экспорт он айда бір млрд доллардан асқан

АСТАНА. KAZINFORM – Корей мәдениетінің шетелде танымалдылығы артуының арқасында қазан айына қарай оңтүстіккореялық жылдам кеспе экспорты рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Kazinform Yonhap-қа сілтеме жасап.

рамен
Фото: pixabay

Корея Республикасының Азық-түлік, ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, рамен экспорты қаңтар-қазан айлары аралығында 30%-ға артып, 1,02 млрд долларға жетті.

Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 952 млн долларды құраған жылдық рекордтан асып түсті.

2024 жылдың алғашқы 10 айында Қытайға экспорт 18,6 пайызға өсіп, 206,8 млн долларды құрады. АҚШ-қа экспорт 65 пайызға артып, 176,5 млн долларға жетті. Ал Нидерландыға экспорт 57,7 пайызға өсіп, 76,7 млн долларды құрап отыр.

«Кореялық тез дайындалатын кеспені бүкіл әлемдегі адамдар тұтынады. Оның сұранысқа ие болуы уақытша құбылыс емес. Бұл нәтижеге жету компаниялардың тұтынушылар қажеттіліктерін зерттеп, маркетингтік стратегиялар құруының және мемлекеттің жаңа сатып алушыларды табуға қолдау көрсетуінің арқасында мүмкін болды», - дейді Азық-түлік, ауыл, орман және балық шаруашылығы министрі Сон Ми Рён.

Осыған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының заңды жұмыс істеуі үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын түсіндірді.

 

Соңғы жаңалықтар