Шетелдегі заңды жұмыс: Оңтүстік Корея қандай талаптар қойып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының заңды жұмыс істеуі үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқынаны түсінік берді.
«Министрлік Корея Республикасында қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын қорғау аясында Қазақстанды Корея Республикасындағы Employment Permit System (EPS) жүйесіне енгізу жұмыстары атқарылып жатыр. EPS жүйесі өз жұмысын 2004 жылдың 1 тамызында бастады және қазірге дейін бұл жүйе бойынша 16 елдің азаматы Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады», - делінген Еңбек министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, бұл жүйедегі жұмыс қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық аулау салаларында ұсынылады. EPS жүйесі шетелдікке Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмысшылармен келісімшарт ұзартылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азаматтарға осы елде 4 жыл 10 айға дейін тұруға мүмкіндік береді. EPS жүйесіне қатысу үшін Корея жағы EPS дайындық орталықтарына баруды талап етеді. Бұл орталықтарда Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетіндер тілді үйрену курстарынан, көші-қоні және медициналық мәселелерге қатысты тестілеуден өтеді.
«Қазақстан азаматтары медициналық тексеруден, тілді меңгеру оқуынан және көшпелі даярлықтан өтуі үшін Корея Республикасы Алматы және Алматы облысының Қонаев қалаларында EPS орталығын ашуға келісімін берді», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Корея Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелді Оңтүстік Кореяның EPS жүйесіне қосу мәселесі үш кезеңде жүзеге асырылады: - мемлекетішілік келісу;
- EPS орталығын ашуға арналған объектілермен танысу;
- Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы түпкілікті шешім қабылдау.
Қазіргі кезде елді EPS жүйесіне қосу мәселесі Корея Республикасының жауапты мемлекеттік органдарымен мемлекетішілік келісу сатысында тұр. Корей тарапы Қазақстанды EPS жүйесіне қосу үшін тиісті үш шартты қойды. Біріншіден, Корея Республикасының көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу жөніндегі міндеттемені қабылдау керек. Екіншіден, Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігі жанындағы «Еңбек көші-қоны жөніндегі атташе» жеке лауазымын енгізу қажет. Үшіншіден, бұрын Оңтүстік Кореяда заңсыз болған және көші-қон заңнамасын бұзған Қазақстан азаматтарының Корея Республикасына қайта келмеуі жөнінде шаралар қабылдау.
Бұл тұрғыда осы талаптарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтап жатыр.
Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореяда 15 мың Қазақстан азаматы заңсыз жүргенін айтқан еді.
Сонымен қатар ведомство басшысы Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты іс-шаралар жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін мәлім етті.