OpenAI басшысы жасанды интеллектіні реттейтін жаһандық орган құруға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — ChatGPT-ті жасаған компания әлемге жасанды интеллект саласында халықаралық үйлестіру тетігін шұғыл қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

OpenAI басшысы жасанды интеллектіні реттейтін жаһандық орган құруға шақырды
Скрин x.com / @OfficialINDIAai

Сэм Альтман бейсенбі күні Нью-Делиде өткен AI Impact Summit халықаралық саммитінде сөз сөйлеп, қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект технологияларын жедел реттеу қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Agence France-Presse (AFP) хабарлады.

— ЖИ-ді демократияландыру адамзаттың өркендеуін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы. Бұл технологияның бір компанияның немесе бір елдің қолында шоғырлануы жойқын салдарға әкелуі мүмкін, — деді Альтман. 

Оның айтуынша, әлемге жасанды интеллект саласындағы халықаралық күш-жігерді үйлестіріп, өзгерістерге жедел әрекет ететін, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тәрізді құрылым қажет болуы мүмкін.

— Бұл реттеу қажет емес дегенді білдірмейді. Керісінше, басқа да қуатты технологиялар секілді, ЖИ-ге де шұғыл реттеу керек, — деп қосты ол.

Үндістан астанасы Нью-Делиде өтіп жатқан бес күндік AI Impact Summit 2026 саммиті жасанды интеллектінің дамуына қатысты сын-қатерлерді талқылау үшін жетекші технологиялық басшылар мен саясаткерлерді жинады. Сарапшылар негізгі қауіп-қатерлер ретінде жұмыс орындарының қысқаруын, дипфейктердің таралуын, онлайн-алаяқтықты және әлеуметтік теңсіздіктің күшеюін атап өтті.

Саммитке әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекет басшылары, өнеркәсіп өкілдері, саясаткерлер, зерттеушілер мен технология жанашырлары қатысып жатыр. Іс-шараның басты тақырыбы «Баршаға ортақ өркендеу, баршаға ортақ бақыт».

Антониу Гутерриш те жасанды интеллект болашағы «бірнеше миллиардердің еркіне» қалдырылмауы тиіс екенін ескертті. Ол технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көлемі 3 млрд доллар болатын жаһандық қор құруға шақырды.

— ЖИ баршаға тиесілі болуы керек. Оның болашағын тар шеңбердегі елдер немесе жеке тұлғалар айқындамауы тиіс, — деді БҰҰ басшысы.

Гутерриштің пікірінше, дұрыс тәсіл қолданылған жағдайда жасанды интеллект ғылыми серпілістерді жеделдетіп, білім беру мен денсаулық сақтау саласына қолжетімділікті жақсарта алады.

Алайда нақты халықаралық ережелер болмаса, ол теңсіздік пен теріс пайдаланулар қаупін күшейтуі мүмкін.

Айта кетелік OpenAI Қазақстанның 165 мың педагогіне тегін лицензия беретін болды

Соңғы жаңалықтар
Референдум