Операция кезінде науқастың өміріне кім жауапты
АСТАНА. KAZINFORM — Адам өміріне араша түсу — анестезиолог-реаниматологтардың күнделікті жұмысы. Олар операция жасамаса да, отаның қауіпсіз әрі сәтті өтуіне тікелей жауап береді. Науқастың жағдайын операцияға дейін де, кейін де бақылауда ұстайды.
Бірақ бұл мамандықты екінің бірі таңдап, тәуекел ете бермейді. Неліктен? Kazinform тілшісі ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығына барып, осы қызметтің қыр-сырымен танысып қайтты.
Бұл ауруханада биыл 5 мыңнан астам операция жасалған. Бірақ бірде-бір ота анестезиолог-реаниматологтардың қатысуынсыз өтпейді. Өйткені науқастың жағдайын секунд сайын осы мамандар бақылайды.
Ауруханада 42 анестезиолог жұмыс істейді. Соның бірі — Саят Бикибаев. Ол бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Күнделікті жұмысы науқасты ота алдында тексеруден басталады. Операция кезінде де оның тыныс алуын, жүрек соғысын үздіксіз бақылауда ұстайды. Тіпті науқастың наркоздан оянған сәтін де кірпік қақпай күтіп отырады.
— Мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-медициналық академияны тәмамдадым. Осы ауруханада үш жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұған дейін түрлі әскери госпитальдарда қызмет атқардым. Жыл сайын біздің бөлімде 1500-ден астам науқас ем қабылдайды. Оның ішінде реанимациялық көмекке мұқтаж, жағдайы ауыр пациенттердің саны 700–800 адамға жетеді. Бәріне қолдан келгенше көмек көрсетеміз, — деді ҚР Президенті іс басқармасы медицина орталығы ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Саят Бикибаев.
Дәрігердің айтуынша, шетелде реаниматология мен анестезиология екі бөлек мамандық ретінде жеке оқытылады. Ал Қазақстанда бұл бағыттар бір мамандық ретінде біріктірілген.
— Біздің мамандық шын мәнінде екі бағыттан тұрады. Реаниматолог науқастардың жағдайын тұрақтандырса, анестезиолог операция кезінде ауырсынуды басып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Алайда шұғыл жағдайларда, анестезиологқа реаниматология бағытындағы дағдылар да қажет болады. Наркоз беріп қана қоймай, науқастың қан қысымын бақылап, қажет жағдайда қан компоненттерін құяды. Өкпені жасанды желдету аппаратын қолданады және шок жағдайынан шығаруға көмектеседі, — деді ол.
Саят Бикибаев, 12 жылдық еңбек жолында талай науқасқа көмек көрсетіп, күрделі жағдайлармен бетпе-бет келген. Соның бірі — сирек кездесетін Лайелл синдромына шалдыққан науқасты емдеу тәжірибесі.
Лайелл синдромы — сирек кездесетін, бірақ өте ауыр өтетін аллергиялық-иммундық реакция. Көбіне кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдағаннан кейін пайда болады.
— Аурудың негізгі белгісі — терінің сыпырылып түсуі еді. Ал бізге келген науқаста терінің 90 пайыздан астамы зақымданды. Арнайы оқшауланған палатада емдеп, дене температурасын тұрақты бақыладық. Күн сайын таңу жүргізіліп, бірнеше маманның қатысуымен консилиум өтті. Тері зақымданғандықтан инфекция қаупі өте жоғары болды. Соған қарамастан, кешенді ем мен мамандардың бірлескен жұмысының арқасында науқас сауығып шықты, — деді анестезиолог-реаниматолог.
Ол дертті емдеуде дәрі-дәрмекпен қатар науқасқа көрсетілетін күтім де шешуші рөл атқаратынын айтады. Дұрыс күтім мен үздіксіз бақылау асқынудың алдын алып, науқастың сауығуына ықпал етеді. Осындай сәттерде анестезиолог-реаниматологтардың кәсіби біліктілігі мен еңбегінің маңызы айқын көрінеді.
— Жақында бірнеше ай бойы комада жатқан науқасты үйіне шығарып салдық. Бас ми бағанына қан құйылғаннан кейін оның жағдайы өте ауыр болды. Оның сауығып шығуына дер кезінде көрсетілген еммен қатар, мейірбикелердің тынымсыз күтімі де шешуші рөл атқарды. Себебі науқасқа тәулік бойғы күтім мен тұрақты бақылау да аса маңызды, — деді ол.
Дәрігердің науқастарының бірі — 67 жастағы Ерлан Бадашев. Жоспарлы тексеру барысында оның қан тамырларында ақау анықталып, шунттау операциясы жасалған. Науқастың айтуынша, ол дәрігерлерге толық сенім артқан. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бүгінде денсаулығы жақсы.
— Әрине, қобалжу болды. Бірақ анестезиолог дәрігерлер әзіл айтып, көңілімді аулады. Жылы қарым-қатынастары қатты ұнады. Қалай ұйықтап кеткенімді де байқамай қалдым. Бұл — олардың кәсібилігінің бір белгісі деп ойлаймын, — деді науқас.
Анестезиолог-реаниматологтар — отаға түскен адамның жер бетіндегі періштесі. Олар әр секундты қалт жібермейді. Қиын сәтте демеу беріп, өміріне араша түседі. Саят Бикибаевтың айтуынша, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен сабырлылықты талап етеді.
— Біздің жұмысымыз үлкен психоэмоциялық жүктемемен байланысты. Кейде шаршап, жұмысқа барғың келмейтін сәттер болады. Бірақ ауруханада біреудің ата-анасы немесе баласы қиын жағдайда сені күтіп отырғанын түсінесің. Сол сәтте бар күшіңді салып, көмек беруге міндеттісің.
Айта кетейік, жақында жамбылдық дәрігерлер ісікті алып тастап, науқастың төменгі ернін қалпына келтірген еді.