Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмағұлов және қорғаушы Нұржігіт Фазылғалиев жазасын түзету мекемесінде өтейді. Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Руслан Жұмағұлов
Фото: zko.sud.kz

Сотталған Руслан Жұмағұлов және Нұржігіт Фазылғалиев тамыз айында Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді. Сот 10 қыркүйекке белгіленді. Кейін судья істің күрделі болуына байланысты бір айға созуға шешім қабылдады. Қазанда Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарап, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

- Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалды. Қаулы жарияланған күні күшіне енеді, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, былтыр қараша айында Оралда қалалық сот төрағасы Руслан Жұмағұлов пара алу кезінде ұсталды. Сот төрағасымен бірге екі адвокат Әділ Ахмулдин мен Нұржігіт Фазылғалиев те қолға түскен.

Іс Тасқала аудандық сотында қаралды.

Үкім биыл маусым айында шығып, Р.Жұмағұлов Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабына (алаяқтыққа оқталу) сәйкес айыпты деп танылып, 2 жыл 7 ай және 15 күнге бас бостандығынан айырылды.

Н.Фазылғалиев алаяқтыққа және пара беруге оқталу баптары бойынша айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Іс материалына сүйенсек, кісі өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін 14 жылға сотталған ер адам мерзімінен бұрын босап шығу үшін өтініш берген. Сол кезде жазасын өтеушінің қорғаушысы Фазылғалиев Жұмағұловқа жолығып, клиентінің мерзімінен босап шығуы көмектесуін өтініп, 200 мың теңге ұсынған.

Кейін қорғаушы жазасын өтеушінің танысына судьяға 1,5 млн теңге көлемінде пара беру керектігін жеткізген. Адвокат параның бір бөлігін өзінде қалдыруды шешкен. Пара беруші ҰҚК департаментіне жүгінген. 

Р.Жұмағұлов 2019 жылдан бері қалалық сот төрағасы болып жұмыс істеген.

Соңғы жаңалықтар