Оралда көшеден күрелген қарды неге қаланың ішіне төгіп жүр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында қардың телеорталық аумағындағы полигонға шығарылуы тұрғындар наразылығын туғызды. Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрді.

Более 26 тысяч кубометров снега вывезено из Астаны
Фото: Kazinform

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, қазіргі таңда қала көшелерінен жиналған қар Асан, «Балауса» шағынауданы және мұнай базасы аумағындағы полигондарға шығарылады. 

— Телеорталық аумағындағы полигонды коммуналдық қызмет соңғы 10 жыл бойы пайдаланды. Жергілікті тұрғындар экологиялық мәселелердің алдын алу үшін қар шығаратын орынды қайта қарауды немесе қар сақтайтын балама орын табуды сұрады. 2024 жылдың 23 желтоқсанында телеорталық полигонына жаңа түскен қарды шығару тоқтатылды. Қала әкімдігі қар тазалау алаңының орнын өзгерту жөнінде шешім қабылдап, қазір мұнай базасы ауданынан арнайы жер телімін бөлді, — деп хабарлады ведомстводан. 

Қала көшелерін қардан тазалайтын мердігер — «Жайық таза қала» ЖШС-да 200-ден астам арнайы техника және 350 жұмысшы бар.

шымкент
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Қар қалың жауып, қолда бар техника жетпеген жағдайда кәсіпорын жеке кәсіпкерлерден қосымша техника алу жөнінде келісім жасаған.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, қаңтар айында қаладағы көше-жол желісін күтіп ұстау үшін мердігерді анықтау мақсатында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жаңадан конкурс жариялайды. 

Қоғам белсендісі Андрей Стариченков бұл мәселені 2019 жылдан бері көтеріп келе жатыр. 

— Жыл сайын телеорталық полигоны заңсыз деп танылады, бірақ қар шығару қайта жанданады. 2024 жылдың қаңтар айында осыған жол бергендерге әкімшілік айыппұл да салынды. Соған қарамастан желтоқсанда аталмыш полигонға қайтадан қар шығарылды. Не себепті бұлай болып отыр? — дейді А.Стариченков.

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Шайхиев төтенше жағдайлар бойынша хаттамаға сүйеніп, телеорталық полигонына қар шығаруға рұқсат берілгенін, қазіргі кезде мәселенің сотта қаралып жатқанын, нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді. 

орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— «Жайық таза қала» ЖШС-мен екі жылға 6 млрд теңгеге келісімшарт жасалған болатын. Оған жазда көшені сыпыру, қыста қар күреу және басқа жұмыстар кіреді. Егер қарды қаланың сыртына шығаратын болса, онда бір «КамАЗ» автокөлігінің атқаратын рейсі екі-үш есеге кемиді. Бұл бізге тиімсіз, — дейді Е.Шайхиев.

БҚО бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бастығы Алматай Жұмағазиевтың айтуынша, «Жайық таза қала» ЖШС-ына айыппұл салынып, аталған полигонға қар шығаруды тоқтату жөнінде ұйғарым берілген.

— Негізі қала әкімінің қаулысы шығуы керек еді. Тек аталған бөлім басшысы орынбасарының хаты ғана бар, онда өткен жылы Асан мен «Балауса» полигонына қоса телеорталықты да қосып жіберген. Телеорталық су қорғау аймағында тұрғандықтан Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы тексеру жүргізіп, айыппұл салды. Қазіргі кезде БҚО бойынша экология департаменті де «Жайық таза қала» ЖШС-ға тексеру жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы орган полигонға жер бөлу кезінде Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы және экология департаментінің келісімін алса, мұндайға жол берілмес еді, — дейді Алматай Жұмағазиев. 

«Волна» бау-бақша бірлестігінде көптен бері тұратын Болат Айтуғанов осыған дейін қар шығарылып келген телеорталық полигоны Назарбаев даңғылынан алыс еместігін, оны абаттандыруға болатынын айтады. 

тұрғын
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Қарды қаланың сыртына шығару керек. Мұнай базасы ауданы да шаһардың ішінде. Оның астынан «Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық желісі өтеді, оған қоса Орал теміржол станциясы тиіп тұр. Оларға су кетсе не болады? Сондықтан бұл мәселеде прокурорлық ықпал ету шаралары да керек. Көлік прокуратурасы да араласуы қажет, — дейді Б.Айтуғанов. 

Орал қалалық мәслихатының депутаты Айбек Қайырғалиевтің нақтылауынша, «Волна» бау-бақша бірлестігінде қыс мезгілінде 50 үйде тұрғындар тұрады.

— Телеорталық полигонына қатысты мәселені толық анықтау үшін желтоқсан айында Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне депутаттық сауал жолдадым. Жауап келгеннен кейін әрі қарай жұмыстанамыз, — деді А.Қайырғалиев. 

депутат
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Осылайша қала тұрғындары Оралда шаруашылықты басқару және аумақты дамыту бойынша нақты жоспардың жоқтығынан осындай жағдай туындағанын айтып отыр. 

Кәсіпкерлер ойына келгенін істемеуі керек. Бос жер болса да, экологиялық сараптама жасалуға тиіс.

«Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық желісі болса, сол мекеменің немесе темір жол жақын тұрғандықтан Қазақстан темір жолының келісімін алу қажет. 

- Ұсыныстарды жазып алдым. Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде фракция отырысында ақылдасып, бір шешімге келеміз. Тағы бір айтарым, қар шығару полигоны Астанадағыдай жабдықталуы тиіс. Яғни қармен қоса топырақ, тұз және басқа қоспалар тасылады. Зиянды улы заттар тарамас үшін оны жою жолдарын да қарастыру қажет, — дейді Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов.

осадки
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында көше жолдары қардан қалай тазартылатынын жазған болатынбыз.

Қала көшелерінің дұрыс тазаланбауына Орал әкімдігі жауап берді.

Соңғы жаңалықтар