Орал қаласында көше жолдары қардан қалай тазартылмақшы

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 километр болса, тротуар – 236 км.

Оралда қыста қар қалай тазартылады
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, бұған Круглоозерный, Зачаган, Деркөл және Желаев ауылдық округіндегі көше жолдары мен тротуар да кіреді.

«Жайық Таза Қала»» ЖШС қала аумағы мен Зачаган, Деркөл, Круглоозерный кенттерінің көше жолдарын қысқы мезгілде күтіп ұстауды қамтамасыз етеді. Ал Желаев ауылдық округі «Мақсотов» жеке кәсіпкерлігімен 2023-2024 жылдарға келісімшарт жасасқан.

«Жайық Таза Қала» ЖШС мекемесінде 750 адам жұмыс істейді. Қарды күрекпен тазартатын 32 бригада болса, коммуналдық және жол техникасының жалпы саны – 190. GPS құрылғысы кәсіпорынның барлық техникасына қосылған.

Оралда қыста қар қалай тазартылады
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Биыл жаңадан 13 техника сатып алынды. Қысқы мерзімге 20 мың тонна құм-тұз қоспасы дайын.

Ал «Мақсотов» ЖК-да 10 адам еңбек етсе, 19 коммуналдық және жол техникасы бар.

Қала әкімдігінің ақпараты бойынша қыс мезгілінде жолды қардан тазарту және тайғақтықты қысқа мерзімде жоюға баса көңіл бөлінеді. Бірінші кезекте қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шаралар орындалады. Атап айтқанда, жол жабындарын көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу, қарды жинау, тығыздалған қар мен мұзды сындыру, қарды үйінділерге жылжыту, оны арнайы көліктерге тиеп, белгіленген орындарға шығару жұмыстары атқарылады.

Қала көшелерінен қар төрт полигонға (орталықтан 9 км қашықтықта орналасқан «Асан», Зачаган кентіндегі «Балауса», сондай-ақ «Үлкен көлемді қалдықтарға арналған» және «Телеорталық» полигоны) жеткізіледі.

«Автомобиль жолдарын қардан тазарту бірнеше бағытта жүргізіледі. Негізгі бағыт қаланың орталық бөлігін қамтиды. Ұзындығы 95 км. Содан кейін қаланың солтүстік-шығыс, орталық-шығыс, шығыс бөліктері, Зачаган, Деркөл кенттері белгіленген уақытта қардан тазартылады», деп хабарлады ведомстводан.

«Әдетте қаланың орталық бөлігі, сонымен қатар автобус жүретін көшелерге мән беріледі. Алайда шаһардың шет жақтары ұмыт қалып жатады. Қар жентектеліп, тығыздалып қалғаннан кейін ол жолдармен жүру қиямет-қайымға айналады. Былайғы кезде кей көшеде қатты тұрмыстық қалдықтар шашылып жатады, өйткені ит көп, осының бәрі кедергі», деді Орал қаласының тұрғыны, жүргізуші Жарқын Мағзомов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы жылыту маусымына қаншалықты дайын екендігі туралы жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар