Орал қаласында әкімдік ағаштың неліктен кесіліп жатқанын айтты
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы орталығында ағаштардың жаппай кесілуі тұрғындар наразылығын туғызды.

Әлеуметтік желіде жүктелген бейнежазба мен суреттерге қарағанда, ағаштар Н.Назарбаев даңғылы бойында кесілген.
Осыған байланысты қала әкімдігі жауап берді.
Ведомстводан түскен мәліметке қарағанда, қала әкімдігі жанында жасылдандыру және абаттандыру мәселелері бойынша экологиялық жұмыс тобы әрекет етеді. Оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен экобелсенділер кіреді.
Жұмыс тобының мақсаты – қоршаған ортаны ластауға жол бермеу, экологиялық залал мөлшерін барынша азайту, сондай-ақ тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ету.
Қала әкімдігі сендіргеніндей, осы орайда азаматтардың өмірі мен денсаулығына және көлік құралдарына қауіп төндіретін ескі және апаттық жағдайдағы ағаштар кесіледі. Барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, қала әкімдігі экологиялық кеңесінің шешіміне сәйкес атқарылады.
Осы іс-шараның жалғасы ретінде жас көшеттер отырғызылады. Мұның экологиялық және эстетикалық маңызы бар. Жас көшеттерді күтуге, тұрақты суаруға, агротехникалық іс-шараларға мән беріледі.
- Экологиялық кеңестің шешімімен қаланың 10 көшесінде жасыл желектерді түгендеу жөнінде дендрологиялық жоспар жасалды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми ұсынбалары негізінде өңірдің табиғатына бейімделген 5 мыңнан астам түрлі ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Бұдан бөлек, жол жанында декоративті жасыл желектер егіледі, - деп хабарлады қала әкімдігінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме, осыған байланысты әкімдік жауабын берген едік.