Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме – әкімдік жауабы

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы орталығында орналасқан № 1 емхана алдындағы ескі сквердің жойылу қаупі бар.

выъвжхэфыв
Фото: видеодан алынған скрин

«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшада мәлім еткеніндей, облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталмыш емхананы соның алдындағы шағын сквер есебінен қайта құруды жоспарлаған.

Оның сөзіне қарағанда, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту керек, бірақ қоғамдық скверді жою есебінен емес.

— Қалалық сәулет бөлімінің келісім бергені таңдандырады. Сондай-ақ Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақов экология белсенділерімен ақылдаспастан, көпжылдық шырша мен қарағайларды кесуге қалайша рұқсат береді? Жалпы, қалада ескі саябақтарды сақтап қалу мәселесі өткір тұр. Соңғы 20 жыл ішінде Орал шаһары бірнеше саябақтан айырылды. Атап айтқанда, Д. Фурманов бағы орнында «Атриум» сауда орталығы, орталық базар маңында сондай жерде банк пен газ компаниясының ғимараты, «Зиг-заг» ауданында коммерциялық дүкендер, «Әлем Плаза» сауда орталығы жанында көпқабатты үй мен гүлдер дүкені салынды. Егер мұны тоқтатпасақ, № 36 орта мектепте болған жағдай қайталанады -, деді Д. Сариев.

Осыған байланысты Орал қаласы әкімдігінен мынадай жауап келді.

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі БҚО мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы № 3-10 шешімімен бекітілген Батыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына сәйкес жасыл екпелерді тексеру актісін берген.

Аталмыш бөлімнің мәліметіне қарағанда, № 1 қалалық емхананың негізгі ғимаратын қайта құру нысанының тапсырыс берушісі — БҚО құрылыс басқармасы.

— Батыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына сәйкес ағаштарды кесу үшін электронды үкіметтің веб-порталында (www.egov.kz, www.elicense.kz) «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қажетті құжаттармен өтінім берілуі керек. Өкілді органның рұқсаты бойынша ағаштар кесілген кезде он есе көлемде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың кепілді хатына сәйкес екі жыл бойына (жерсіну уақыты) көшеттерді күтіп-ұстау және қорғау іс-шаралары атқарылады — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ағаштардың орынсыз кесілетінін айтқан оралдық экологтың көгалдандыру мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар