Орал қаласында үйлері суға кеткен 80 отбасы баспаналы болды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен 5 927 үйге техникалық тексеру жұмыстары толықтай жүргізілді.

Орал қаласы әкімдігі
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Орал қаласында саяжайдағы жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз болған 80 отбасыға 1 тамыз күні Б.Жұмағалиев көшесі мен «Самал» шағынауданындағы көпқабатты екі үйден пәтерлер берілді. 

Орал қаласы әкімдігі
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін тапсырған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың мәлім еткеніндей, аталған баспана ірі компаниялар, кәсіпкерлер, банктерден келіп түскен қаражат есебінен сатып алынып, беріліп жатыр. Мұндай жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылып жатыр.

«Облыс бойынша техникалық тексеру жүргізілген 5 927 үйдің 1 383-і жарамды деп танылды. Қалған 3 023 үй жарамсыз деп танылса, соның 2 520-сы – Орал қаласындағы саяжай құрылыстары. Өңірде 775 үй жаңадан салынатын болса, 2 248 үйді сатып алу көзделді. Күні бүгін 1 013 пәтер сатып алынса, соның 101-і аудандарда, 912-сі Оралда берілді. Осыған дейін үйлері суға кеткендіктен, эвакуациялық пункттерде, жалдамалы пәтерлерде тұрып келген саяжай тұрғындары баспаналы болып, қуанып жатыр», - дейді Т.Каюпов.

Сонымен қатар жалғыз баспанасы суға кеткен саяжай тұрғындары үшін қаланың «Жұлдыз» шағынауданында, Деркөл және Зачаган кенттерінде жеке үйлер салынып жатыр. Т.Каюпов сондай-ақ Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында 14 үйдің кілттерін табыс ету рәсіміне де қатысып, жаңа баспана иелерін қуанышымен құттықтады. Оның айтуынша, аудандарда салынып жатқан 401 үйдің 74-і (60-сы – Бөрлі ауданында) пайдалануға берілді. 

Орал қаласы әкімдігі
Фото: Орал қаласы әкімдігі

«Жаңа үйлердің барлығын да жергілікті компаниялар салып жатыр. Қазіргі таңда Бөрлі, Қаратөбе, Теректі, Сырым және Бәйтерек аудандарында құрылысқа 115 техника, 1 160 адам тартылған. Мердігерлер құрылыс материалдарын өз өңірімізден алып жатыр», - деді Kazinform тілшісіне Т.Каюпов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан 6 мыңға жуық үйге залал келгенін жазған едік. 

Орал қаласы әкімдігі
Фото: Орал қаласы әкімдігі
Соңғы жаңалықтар