Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан 6 мыңға жуық үйге залал келген

Тұрғын үй
Фото: БҚО әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы су тасқыны салдарынан барлығы 5 927 үйге залал келтірілді.

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 1 358-і – тұрғын үй. Оған қоса 4 569-ы – тұрғындардың жалғыз баспанасы болып саналатын саяжай үйі. 

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Күні бүгінге дейін 4 929 тұрғын үй бойынша техникалық тексеріс қорытындылары шықты. Соған сәйкес 3 023 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. 1 906 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Жылжымайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу үшін 775 жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылданды. Соның ішінде 374-і Орал қаласында, 401-і аудандарда бой көтермек. Сонымен қатар дайын тұрған 2 248 үйді сатып алу, 1 906 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу меже ретінде белгіленген болатын. Қазірдің өзінде 864 үй (аудандарда – 98, қаладағы саяжай тұрғындарына – 766) сатып алынды. 906 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жасалды.

Тұрғын үй
Фото: БҚО әкімдігі

«Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Оның сапасын жергілікті атқарушы және қадағалаушы органдармен қатар тұрғындардың өздері де бақылай алады. Тағы бір айта кетер жайт, бірқатар аудандарда үй иелері өздерінің баспанасын салып жатқан компанияларда жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Тұрғын үй құрылысы еліміздің ірі кәсіпкерлері мен банктерден, компаниялардан «Ақжайық» қоры арқылы келіп түскен қаржы есебінен жүргізіліп жатыр», - деді Kazinform тілшісіне БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұруға жарамсыз деп танылған 456 үйді қалпына келтіру жұмыстары басталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар