Орал қаласындағы 24 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту тұжырымдамасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайын жақсартуға болады. 

Орал қаласындағы 24 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді
Фото: видеодан алынған скрин

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің мәлім еткеніндей, аталған тұжырымдама аясында былтыр көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша 879 млн теңгеге 26 жоба жүзеге асырылған.

Оның сөзіне қарағанда, биыл 11 жеделсатысын ауыстырумен бірге 245 млн теңгеге осындай 11 жоба қолға алынды.

— 2026 жылы 811 млн теңгеге 24 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұған үйдің шатыры мен негізгі тіреуіштерін жөндеу, жеделсатыларды ауыстыру кіреді, - дейді М.Байменов.

Қала әкімінің айтуынша, күрделі жөндеу бағдарламасына тұрғындардың өздері де атсалыса алады. Ол үшін алдымен пәтер иелерінің жиналысын өткізу қажет. Тұрғындардың көпшілігі келісім берген кезде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы үйді техникалық тексеруден өткізеді. Содан кейін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады.

Сол секілді шаһарды абаттандыру мақсатында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қала тұрғындары ең өзекті, маңызды әрі қажетті жобаларды өздері ұсынып, дауыс беру арқылы таңдайды.

Кейінгі төрт жылда осындай тәсілмен жаңа скверлер салу мен демалыс аймақтарын жөндеуге арналған 11 жоба таңдалып, толықтай жүзеге асырылды. Биыл 6 жоба ақталды. 

Қала әкімдігінің ресми сайтында «Халық қатысатын бюджет» жобасына арналған жаңа ұсыныстар қабылданады.

— Сондай-ақ биыл қалада үйлердің бірыңғай сәулеттік және көркем келбетін қалыптастыру мақсатында 57 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін сырлау жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстарға 2,0 млрд теңге бөлінді. Оған қоса демеушілердің қолдауымен қаладағы 10 үйдің қасбетіне түрлі тақырыптарға, соның ішінде жұмысшы мамандықтарына, өңірден шыққан тұлғаларға, отбасы құндылықтарына, ұлт бірлігіне және қала тазалығына арналған муралдар салынды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді қала басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда алдағы екі жылда 3 магистральдық жылу желісін жаңғырту көзделіп отырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар