Орал қаласында өткен Сабантой мерекесіне Татарстан Президенті Р.Минниханов қатысты

Сырым Датұлы алаңында ұйымдастырылған мерекенің ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында тыныштық пен бейбітшілік, ұлтаралық, дінаралық келісім орнап, сан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отырғандығын атап өтті. Президент бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей ұйымға айналып, нәтижелі жұмыс өз жемісін беріп келеді. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елімізде барлық ұлт өкілдерінің өз салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін дамытуына жағдай жасалған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 34 этномәдени бірлестік өкілдері татулық пен тұрақтылықтың салтанат құруына өз үлестерін қосып отыр.
Өңір басшысы өз сөзін татар тілінде түйіндесе, Татарстан Президенті Рустам Минниханов өз ана тілінде ақжарма тілегін білдірді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов ізгі тілектерін арнады.
Татарстан Президенті Р.Минниханов Оралға келген сапары барысында Абай мен Ғабдолла Тоқай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, татар халқының ұлы ақынының музейінде, Қызыл мешітте болды. Қазақстан Республикасындағы татар этномәдени бірлестіктері делегацияларымен кездесті. Айта кету керек, Оралдағы Сабантой мейрамына Қазан, Челябі, Самара, Саратов, Орынбор, Лениногорск қалаларынан делегациялар келді.
Сырым Датұлы алаңында Қазақстан және Татарстанның белгілі әртістері концерт қойса, М.Ықсанов атындағы көшеде татар халқының ұлттық ауылы отау тікті. Сонымен қатар басқа да ұлттық-мәдени орталықтар өз есіктерін келушілерге айқара ашып, өз өнерлерін, салт-дәстүрлерін көрсетті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, басқа да қызықты мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.
«Жастар» стадионында татар күресінен жарыс өткізіліп, оған Астана қаласынан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 15 спортшы қатысты. Финалдық сайыста дзюдо күресінен Азия чемпионы, екі бірдей олимпиадаға қатысқан, биылғы «Қазақстан барысының» финалисі Ринат Ибрагимов батысқазақстандық жас әріптесі Темірлан Көлбайды таза жеңіп, жарыстың демеушісі «КАМА Қазақстан» сауда үйі тіккен «Хюндай Акцент» автокөлігін жеңіп алды. Р.Ибрагимов 1986 жылғы, салмағы 84 келі болса, 1995 жылғы, биылғы ІІІ Қазақстан жастар ойындарының чемпионы Т.Көлбайдан (90 кг) да көп үміт күтуге болады. Ол осы сайыста белбеу күресінен екі бірдей халықаралық дәрежедегі спорт шеберін ұтып, соңғы бәсекеге шықты. Соның бірі, белбеу күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, астаналық Әскерхан Оспанов үшінші орын үшін кездесуде ақтөбелік Еркебұлан Қарабаевты ұпай санымен ұтты.
Бүгін кешкісін Сабантой мейрамы үлкен гала-концертпен қорытындыланады.