Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орал тұрғындары полигон түтінінен тыныс алу қиындағанын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шыққан түтіннен тыныс алу қиындағаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды.

Орал тұрғындары полигон түтінінен тыныс алу қиындағанын айтып шағымданды
Фото: видеодан алынған скрин

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жел полигон жақтан соқса, қаланы түтін басады.

Зачаган кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан полигонда өрт 27 шілде күні шыққан еді.

Осыған орай Kazinform тілшісі қазіргі жағдайды анықтап білген еді.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, полигонда өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда өрт шалған 15 га аумақтың 12,5 гектары толық сөндірілді. Күні бүгін 2,5 гектар аумақта бықсып жатқан жерлер бар.

Қазіргі уақытта бықсып жатқан жерлерге су себу және сөндірілген учаскелерді топырақпен жабу (рекультивациялау) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс басталғалы бері полигонға 94 305 тонна топырақ жеткізіліп, 8 630 текше метр су пайдаланылды.

- Өрт салдарын жою жұмыстарына төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Оқиға орнында 37 адам және 25 техника жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында автоцистерналар, су тасымалдаушы көлік, жүк самосвалдары, бульдозерлер, тиегіштер, экскаватор және өзге де арнайы техника бар. Жағдай тұрақты бақылауда. Бықсу ошақтары толық жойылғанға дейін жұмыстар жалғасатын болады, - делінген ресми жауапта.

Полигонда қоқыстың жануына байланысты Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Ұлттық сараптама орталығы» РМК филиалының зертхана қызметкерлерімен бірлесіп, санитариялық-қорғау аймағының тұрғын үй құрылыстарымен шектесетін бөлігінде атмосфералық ауаның сапасына зертханалық зерттеулер жүргізді.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша Деркөл кенті аумағынан алынған жекелеген ауа сынамаларында күкіртсутек пен көміртегі тотығы мөлшерінің шекті рұқсат етілген деңгейден асқаны тіркелді.

- Зерттеу қорытындылары мен алынған мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының экология департаментіне, Орал қаласының төтенше жағдайлар басқармасына және Орал қаласының әкіміне тиісті шараларды қабылдау үшін жолданды. Ертең тағы да сынама алынып, зерттеледі, - деді К.Мұхитова.

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев полигонды басқаруға алған «ICM Recycling» компаниясына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда төтенше жағдай жарияланды.