Орал тұрғыны: үйіміз суға кеткенде берілген пәтерді әкімдік қайтарып алмақшы

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының тұрғыны, мұғалім Айнұр Сабыр өткен жылы үйі суға кеткеннен кейін берілген пәтерді әкімдік қайтарып алмақ болып жатыр деп шағымданды. А.Сабырдың әлеуметтік желіде мәлім еткеніндей, 2024 жылы Орал қаласы аумағында орналасқан, ішіне газ, жарық, су тартылған үлкен қысқы үйі бір ай су астында тұрған.

Орал тұрғыны: үйіміз суға кеткенде берілген пәтерді әкімдік қайтарып алмақшы
Фото: А.Сабырдың Facebook парақшасынан

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына үй беріледі» деген тапсырмасына орай Орал қаласы әкімдігі өткен жылы жарамсыз үйдің орнына баспана беріп, шығындарын өтеген.

— Бір жылдан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды сотқа беріп, Орал қаласы әкімдігі берген үйді заңсыз деп танылуын сұрап отыр. Бізге үй берер кезде құжаттарымыз бірнеше тексеруден өтті. Суға кеткен үйімізді мамандар «тұруға жарамсыз» деп, арнайы комиссиялар «үй берілсін» деп шешім шығарған болатын. Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге Президенттің тапсырмасымен еліміздің кәсіпкерлері көмектесті. Маған да «Alageum» зауытының демеушілігімен үй берілді, — дейді тұрғын.

Оның айтуынша, зардаптың қара бұлты сейіліп, басына түскен ауыр жағдайды енді ұмыта бастағанда, облыс әкімі өз тұрғындарына озбырлық көрсетіп, тісін батырып отыр.

— Үйіміз судың астында қалып, бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмаған кезде біздің құжаттарымыздың қаралуына Орал қаласы прокуратурасы да араласып, отыз шақты тұрғын бірдей санатта үй алдық. Жағдайымыз бірдей. Қылышын сүйретіп, қыс келгенде, облыс әкімі бізді қайда жібермекші? Жарамсыз үйлеріміз бұзылды. Жері үкіметтің иелігіне өтіп кетті. Енді біз қайда барамыз? Әлде Президенттің тапсырмасы төтенше жағдайдың дау-дамайы басылғанша орындалған ба? Облыс әкімі өз тұрғындарына жанашырлық танытпаса, бізге кім көмектеседі? — дейді А.Сабыр.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісіне арнайы сауал жолдады. 

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген талдау нәтижелеріне сәйкес Орал қаласы әкімдігі жанындағы комиссияның жекелеген мүшелері тарапынан облыс аумағындағы су тасқыны салдарын жою кезеңінде саяжай алаптары тұрғындарына тұрғын үй бөлу және келтірілген залалды өтеу барысында заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталды.

Талдау материалдары комиссия жұмысын заңнамаға сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында облыс әкіміне жолданды.

— Келіп түскен талдау материалын жан-жақты қарап, заңды шешім қабылдау үшін комиссия құрамында болған екі адамға қатысты сотқа талап-арыз берілді. Бұл мәселе бойынша баға беру және шешім шығару соттың құзіретіне жатады. Бұл ретте аталған жағдайға құзыретті орган — тек қана сот түпкілікті баға береді, ал фактілерді бұрмалап, қоғамда жалған түсінік қалыптастыратын кез келген жария мәлімдемелер сот төрелігіне қысым жасау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жатақхана тұрғындары жаңбыр жауса, су кешетіні туралы дабыл қаққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар