Оралда 10 жасар қызды зорлау дерегі: кент әкімдігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 10 жасар қызды зорлау дерегіне сәйкес қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

полиция, полицейский
Фото: ҚР ІІМ

Оқиға 29 қыркүйек күні Зачаган кентіндегі № 20 орта мектеп маңында болған. Бастапқыда БҚО полиция департаменті жасөспірімге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекет дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімовтің мәлім еткеніндей, қылмыс болмастан бұрын ата-аналар сол мектепке барар жолдағы ағаштарды отап, шамдарды орнату жөнінде әлденеше рет шағымданған. Алайда Зачаган кентінің әкімдігі бұған салғырт қараған. Тек оқиға болғаннан кейін ғана жол бойындағы ағаштар оталып тасталды. 

Прокурордың айтуынша, өз қызметтеріне салғырт қарағаны үшін Зачаган кенті әкімдігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соның барысында барлық мән-жай анықталып, процессуалдық шешім қабылданады. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу басқармасында жергілікті атқарушы органға қатысты ҚР ҚК 371-бабына (салғырттық) сәйкес қылмыстық іс тіркелгенін растады. 

- Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.

Департамент мәліметіне сәйкес 10 жасар қызды зорлау дерегі бойынша тергеу амалдары жалғасуда. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кішкентай қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа берілгенін жазған едік.