Оралда 200-ге жуық жас сарбаз Ұлттық ұлан қатарына қосылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінде 200-ге жуық жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант қабылдады.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биылғы шақырылыммен әскери бөлім қатарына Алматы, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген жастар қосылды. Бірнеше апта ішінде олар бастапқы әскери даярлықтан өтіп, саптық және атыс даярлығын меңгеріп, әскери жарғының талаптарын игерді.
Салтанатты рәсімге Қазақстанның әр өңірінен арнайы келген 500-ге жуық ата-ана мен жақын туыстары қатысты. Перзенттерінің әскери форма киіп, ант қабылдап тұрған сәтін көзбен көру олар үшін ерекше мақтаныш әрі толқынысқа толы әсерлі сәт болды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалғанда, сап түзеген сарбаздардың жүзінен сенімділік пен жауапкершілік айқын байқалды.
Алматы қаласынан келген сарбаздың анасы Марал Құрмантайқызы бұл күнді өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі екенін айтты.
— Бүгін ұлымның әскери ант қабылдау рәсіміне қатысып, оның Отан қорғаушылар қатарына қосылғанын өз көзіммен көрдім. Бұл — әрбір ата-ана үшін үлкен мақтаныш. Ұлттық ұландағы әскери қызмет ұлыма тәртіпті, жауапкершілікті және елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады деп сенемін. Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын, — деді ол.
Жас сарбаз Ербол Ғайнибекұлы үшін де бұл күн өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.
— Бүгін мен үшін ерекше күн. Әскери ант қабылдау арқылы халқымыздың сенімін ақтауға, еліміздің тыныштығын қорғауға ант бердік. Бізге жүктелген міндеттің салмағын жақсы түсінеміз. Әскери қызмет бізді шыңдап, нағыз азамат ретінде қалыптастырады деп сенемін, — деді жас жауынгер.
Әскери ант қабылдағаннан кейін сарбаздар толыққанды әскери қызметке кіріседі. Алдағы бір жыл ішінде олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың тыныштығын қорғауға бағытталған жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ұландықтардың 101 жастағы майдангерді құттықтағанын жазған едік.