Оралда ұландықтар 101 жастағы майдангерді құттықтады

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Вениамин Скаленкоға құрмет көрсетті.

Оралда ұландықтар 101 жастағы майдангерді құттықтады
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы

Өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы, полковник Нариман Акбаров майдангердің шаңырағына арнайы барып, оны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Полковник Нариман Акбаров ардагерге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табыстады.

Оралда ұландықтар 101 жастағы майдангерді құттықтады
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы

Салтанатты сәт барысында әскери оркестрдің жеке құрамы соғыс жылдарындағы әйгілі «Катюша» және «Жеңіс күні» әндерін орындады. Жеңіс жылдарының үніндей болған әуендерді тыңдаған ардагер көзіне жас алып, өткен күндерді еске алды.

— Біз сұрапыл соғысты көрдік. Ол кезде жағдай өте ауыр болды. Халық аштықты да, қиындықты да бастан өткерді. Майдан даласында талай боздақтан айырылдық. Бізден кейінгі ұрпақ енді ондай қасіретті көрмесін. Еліміз әрдайым бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрсін, — деді Вениамин Пантелеевич.

Оралда ұландықтар 101 жастағы майдангерді құттықтады
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы

Нариман Акбаров майдангердің ел алдындағы еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.

— Сіздердің ерліктеріңіз — бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Отан үшін жасаған жанқиярлық еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Біз кейінгі жас буынға майдангерлердің ерлігі мен өнегелі өмір жолын насихаттап жүреміз. Бұл — біздің парызымыз, — деді қолбасшы.

Кездесу барысында қолбасшы ардагердің биыл қазан айында 102 жасқа толатынын айтып, мерейлі жасымен міндетті түрде арнайы келіп құттықтайтындарын жеткізді.

Оралда ұландықтар 101 жастағы майдангерді құттықтады
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 98 жастағы Вениамин Скаленконың аға буынның ерлігі мен еңбегін ұмытпау керектігі туралы айтқанын жазған едік.