Оралда апатты үйі сүрілген тұрғындар неліктен баспана ала алмай отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында апатты үйі сүрілген тұрғындардың баспана ала алмай отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. 

Оралда апатты үйі сүрілген тұрғындар неліктен баспана ала алмай отыр
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, М.Жүнісов көшесі 34-мекенжайдағы екі қабатты үй бұдан үш жыл бұрын сүрілген. Көпбалалы екі отбасы содан бері баспанаға қол жеткізе алмай келеді.

— 2023 жылы Орал қаласы әкімдігі, құрылыс салушы компания және үй иелерінің арасында үш жақты келісім шарт жасалды. Сол жерден екі жылдан кейін үй береміз деген. Биыл сәуірде үш жыл болады. Біздің төрт, қасымыздағы отбасында алты бала бар. Бізге пәтерақы да төленбей келеді. Қазіргі уақытта сотқа жүгініп, қала әкімдігі мен прокуратураға да бардық. Жалпы, М.Жүнісов көшесі 24-мекенжайында төрт, оған қоса жанымыздағы екі қабатты үйде бес қожайын, сосын бір жеке үй бар. Солардың орнына көпқабатты үй салынуы тиіс. Осы мәселе тезірек шешімін тапса дейміз, — дейді қала тұрғыны Гүлдана Сүйінішқалиева.

Оралда апатты үйі сүрілген тұрғындар неліктен баспана ала алмай отыр
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Аталған мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне сауал жолдаған еді.

«Тұрғын үй қатынастары орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Әділбек Өтеғалиевтің сөзіне қарағанда, күні бүгін М.Жүнісов көшесі 34-үй бойынша жер құжаттарына байланысты құрылыс салушы компания «NazinWest» ЖШС және қалалық құрылыс және сәулет бөлімімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— «NazinWest» ЖШС жер құжаттары шаруасы шешілген жағдайда 2026 жылдың көктемінде құрылыс жұмыстарын бастауға дайын екенін айтып отыр. Жалпы, Орал қаласы бойынша 60 апатты, 229 ескі үй бар. Осы кезге дейін реновация бағдарламасы бойынша 34 апатты үй бұзылып, олардың орнына 18 үй салынды, — деді Әділбек Өтеғалиев.

Оралда апатты үйі сүрілген тұрғындар неліктен баспана ала алмай отыр
Фото: Орал қаласы әкімдігі

«NazinWest» ЖШС қызметкері Самал Қабулованың нақтылауынша, құрылыстың кешігуінің бірнеше себебі бар.

— Бұл туралы тұрғындар хабардар. Біз оларға мәселені шешудің үш жолын ұсындық. Біріншісі — компания салған басқа көпқабатты үйден пәтер алу. Екіншісі — осы үйдің құрылысы аяқталғанын күту. Үшіншісі — бұрынғы тұрғын үйіне сай сол көлемде осы маңдағы сондай ескі үйлердің бірінен баспана алып бере аламыз. Біз мәселені шешуге мүдделіміз. Бұл реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба болып есептеледі. Ешкім пәтерсіз қалмайды. Мұны тұрғындар да түсінуі керек. Шын мәнісінде жағдайы жоқ отбасыларға үй алғанша пәтерақысын төлеп, көмектесіп отырамыз, — деп түсіндірді Самал Қабулова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жатақхана тұрғындары жаңбыр жауса, су кешетінін айтып, дабыл қаққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар