Оралда автосалонда төрт әйелдің жарақат алуына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында автосалондардың бірінде жүк көтеретін лифтіден төрт әйел құлап кетіп, жарақат алды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға М.Шолохов көшесі бойындағы қос қабатты автосалонда болды.
- Тростың үзілуі салдарынан 2-қабаттан төменгі қабатқа төрт адам құлап кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар барып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Содан кейін олар жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, түрлі жарақатпен қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның себеп-салдары анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Асылұлан Досжанов аталмыш жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шара қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жазатайым оқиғалар салдарынан 11 адамның зардап шеккенін жазған едік.