Оралда «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкері мас күйінде ұсталып, 15 тәулікке қамалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері мас күйінде ұсталды. Ол өз көлігінің рулін мас досына берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік соты 11 шілдеде Н. деген азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік материалды қарады.

Сотта анықталғанындай, оқиға 9 шілде күні болды. Автокөлік ішінде отырған Н. мас күйінде болған. Ол көлігін басқаруды мас досына берген. Алайда Н. медициналық куәландырудан өту жөніндегі полиция қызметкерінің заңды талабын орындамаған.

Сот шешімімен Н. 15 күнге әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Ол Орал қаласы полиция басқармасы арнайы қабылдау орнына орналастырылды.

Осы оқиғаға орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалы түсініктеме берді.

«Ұсталған Қайырбек Ниғимов - мемлекеттік корпорацияның қауіпсіздік бойынша уәкілетті өкілі. Ол мамандандырылған ХҚО қызметкері емес, теориялық және практикалық емтихандар қабылдау оның қызметтік міндетіне кірмейді. Оқиға жұмыстан тыс уақытта болған. Ниғимов жеке көлігінде болғанымен, рульде отырмаған. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, мас күйінде рульді басқа адамға бергені үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл - әкімшілік құқық бұзушылық, мұндай тұрмыстық жағдай күнде болып жатады. Ниғимов сот шешімімен келіспейді, сондықтан апелляциялық сотқа жүгінетін болады. Сот талқысы кезінде қызметкер күнтізбелік демалысында болады», деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар