Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайы ашылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мейрамына орай ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайы ашылды.

Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайы ашылды (ФОТО)

Қолбасшылықтың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, онда «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов өткенсіз бүгін жоқ екендігін, мұражайдың Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленген жылы ашылып отырғаны елеулі оқиға екендігін атап өтті. Мұндағы мақсат тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау ғана емес, сонымен бірге мұражайды жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу орталығына айналдыру болып табылады.

«Мұражай ардагерлердің ерлігі мен еңбегін паш етеді. Бұл - біздің тарихымыз. Біз әскери қызметкерлерді отаншылдық рухта тәрбиелеуге ұдайы көңіл бөлеміз. Бұл Отан қорғаушылардың ісін құрметтеудің жарқын үлгісі болып табылады. Уақыт өте келе мұражай жәдігерлері толыға түсетін болады», - деді Қ.Ақтанов.

Мұражайда еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы жәдігерлерге төрден орын берілген. Сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен оның әскери бөлімдерінің қалыптасу тарихы, Ұлы Отан соғысы батырлары, жауынгер-интернационалистер, 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан ішкі әскердің 17 жауынгері жөнінде мол мағлұмат алуға болады. Бейбіт өмірде батырлық көрсеткен әскери қызметкерлер туралы деректер, мұрағат құжаттары, әскери киім мен қару-жарақтар, жеке заттар мен марапаттар да көрініс тапқан. Барлығы жүз шақты экспонат бар.

Сонымен қатар 5517-әскери бөлімнің клубында Тәуелсіздік күні құрметіне салтанатты шара өтіп, әскери қызметкерлер мен ардагерлерге облыс әкімінің алғысхаттары, төсбелгілер, грамота, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы театрландырылған көрініс пен мерекелік концертке ұласты.