Оралда бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Алты күнге созылған байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 230-ға жуық жас былғары қолғап шебері қатысып, бақ сынады.
Боксшылар 33-тен 70 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде чемпиондық атақ пен жүлделі орындарды сарапқа салды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Түркістан облысының құрамасы көш бастады. Екінші орынға Алматы облысы көтерілді. Ал Шымкент қаласының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Чемпионатта Батыс Қазақстан облысының жас спортшылары да жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 46 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ниет Өмірзақов чемпион атанып, «Үздік техникасы үшін» аталымына ие болды. Ал 49 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сұлтан Мырзағалиев қола жүлдені қанжығасына байлады.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, сонымен қатар біріншілік аясында бокс бапкерлеріне арналған мазмұнды семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараны Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің әкесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Тәліпұлы жүргізді.
Семинар барысында тәжірибелі маман бокстағы көп жылдық еңбегінен сыр шертіп, жас спортшыларды даярлаудағы тиімді әдістерге, жекпе-жек үстіндегі тактикалық шешімдерге, сондай-ақ оқу-жаттығу үдерісінің қыр-сырына кеңінен тоқталды. Аталған бас қосу бапкерлер үшін тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлікті шыңдауға мүмкіндік берді.
Чемпионат қорытындысына сәйкес Ташкентте өтетін Азия чемпионаты және басқа жарыстарға баратын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жасақталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы жарыстан кейін Азия чемпионатына баратын жасөспірімдер іріктелетінін жазған едік.