Оралда бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 700-ден астам жұп ажырасып кеткен

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында, әсіресе, жастар арасында ажырасу саны көбейіп отыр. 

Оралда бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 700-ден астам жұп ажырасып кеткен
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Нұргүл Молдағалиеваның БҚО ҚХА ақсақалдар кеңесінің «Қоғамдық рухани құндылықтар және тәрбие мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысында мәлім еткеніндей, өткен жылы 3 мыңға жуық жұп некеге отырған.

Оның сөзіне қарағанда, бір жылдың ішінде 261 жұп АХАТ бөлімі, оған қоса 339-ы (барлығы 600) сот арқылы ажырасқан. 

Биылғы деректерді саралағанда, бұл мәселенің белең алып бара жатқанын аңғаруға болады. Осы күнге дейін 2 500-дей жұп бірге өмір сүруді ұйғарған. Алайда 269-ы АХАТ бөлімінде, 439-ы (барлығы 708) сот шешімдерімен некелерін бұзған. Олардың ішінде бұдан бұрынғы жылдары некеге отырғандар бар. Егер ортақ балалары мен араларында мүліктік дау болса, жұбайлар сотқа жүгініп, мәселесін сонда шешеді.

— Ажырасудың басты себептері — өмірге көзқарастары мен мінез-құлықтарының үйлеспеуі, материалдық қиындыққа төзбеу, ішімдікке салынушылық, жұмыссыздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бір-бірінің көзіне шөп салу. Ең бастысы, жастар бір-бірін танып-білмей жатып, сыртқы келбетіне қарап, үйленеді. Екі-үш айдан кейін оп-оңай ажырасып кетіп жатады, яғни жауапкершілікті сезінбейді. Тіпті солардың кейбірі көп кешікпей-ақ басқа біреумен бас қосып жатады. Осы орайда бұл мәселеге қоғам болып араласып, алдын алу шараларын қолға алу керек деп ойлаймын, — деді Нұргүл Молдағалиева.

Бағдат Русланұлы
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО орталық мешітінің наиб имамы Бағдат Русланұлы рухани неке қиюға келген жастарға бұл қадамның маңыздылығы, ер мен әйелдің міндеттері, олардың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы түсіндірілетінін жеткізді.

— Ажырасу мәселесімен жастар мешітке өте көп келеді. Себебі неде десек, үйленер кезде бір-біріне әр нәрсенің басын ашып айтпайды. Ата-аналар да себепші болып жатады. Жағдайы қиындап, отбасымды асырай алмай отырмын деп келетіндер бар. Сондықтан ата-ана мен баланың теңдігі маңызды рөл атқарады. Ата-ана балалары бас қосар кезде алдын ала ақылдасып алған жөн. Міне, осының бәрі үйдегі тәрбиеге, имандылыққа келіп тіреледі, — деді Бағдат Русланұлы.

Мейрамбек Қабдоллин
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Мейрамбек Қабдоллин білім ошақтарындағы тәрбие, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы шараларды ширату керектігіне назар аударды. 

— Білім ордаларында өмірлік тәжірибесі көп адам жеткіншектермен кездесіп, осындай маңызды мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салса, артықтық етпес еді. Әлеуметтік желіні де тиімді пайдалануға болады. Сосын деструктивтік ағымдар дін арқылы жастардың ортасына кіріп жатыр. Міне, осыған да ақсақалдар араласуы керек, — деді Мейрамбек Қабдоллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ардагер ұстаздың ажырасудың қоғамда қалыпты құбылыс ретінде қабылдана бастағаны туралы айтқанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар