Оралда дәрігерлер терезеден құлаған екі баланың жағдайы жөнінде айтып берді

ОРАЛ. KAZINFORM —  Орал қаласында көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен екі баланың нақты жағдайы белгілі болды.

Оралда дәрігерлер терезеден құлаған екі баланың жағдайы жөнінде айтып берді
Фото: Report.az

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 5 жасар бала биылғы 28 наурыз бен 13 сәуірдің аралығында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімінде стационарлық ем қабылдады.

Қазіргі уақытта неврология бөлімінде емін жалғастырып жатыр. Жағдайы орташа ауыр, динамикада нашарлау байқалмайды. Дәрігерлердің бақылауында.

— Сонымен қатар 6 жасар бала да облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдаған. Ол екінші қабаттан құлап, жарақат алған. Науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, соның ішінде хирургиялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақтанған, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда терезеден құлаған екі баланың біреуі ауыр жағдайда жатқанын жазған болатынбыз.