Оралда екі адамды өлтіргендер ұзақ мерзімге сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта екі адамды өлтіргендерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған соттан түскен мәліметке қарағанда, өткен жылғы 5 қазан күні түнде Арман Қамиев таныстары Бекболат Хамзин, Руслан Сәңкібаев және Анатолий Васильевпен (Р.Сәңкібаевтың танысы) Х.Чурин көшесі 162-үйдің 43-пәтерінде бірге отырып, арақ ішкен.

Арақ ішу барысында Б.Хамзин қасындағыларға ақша табудың амалы ретінде марихуана сатумен айналысайық деп ұсыныс айтқан. Сол кезде Р.Сәңкібаев масаң күйде бұған қарсы шығып, екеуі сөзге келген. Оларға араша түскісі келген А.Васильевті де Р.Сәңкібаев еш себепсіз бетінен ұрып-соғып, жерге құлатқан. А.Қамиев (ол да мас болған) Р.Сәңкібаевтың қасақана адам өлтіруге бағытталған қылмыстық әрекетін қолдап, жерде жатқан Б.Хамзин мен А.Васильевке аяқ-қолын бірдей жұмсап, бірнеше соққы жасаған. Онымен тынбай, А.Қамиев алюминий табамен А.Васильевтің басынан және басқа жерінен ұрған. Содан кейін екеуі оқиға болған жерден бой тасалаған. Ал Б.Хамзин мен А.Васильев сол жерде жан тапсырған.

Сот үкімімен А.Қамиев ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1, 7-тармақтарына сәйкес (екі немесе одан көп адамды өлтіру) айыпты деп танылып, ол 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Р.Сәңкібаев ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1, 7-тармақтары және 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес айыпты деп танылып, оған 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу кесілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын екі адамды өлтірді деген күдіктілердің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар