Оралда Исатай мен Махамбетке арналған жыр мүшәйрасы қорытындыланды
ОРАЛ. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 15 наурыз күні халық батырлары Исатайдың 220 жылдығына және Махамбетке арналған «Еліме қорған болсам деп...» атты жыр кеші болды.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптары орындаған Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасымен басталған кеште ұлы ақынның ән-термелері шырқалып, күйлері шертілді. Облыстық мәслихат депутаты Аманжол Зинуллин бұл «Исатай-Махамбет» қоғамдық қоры (директоры Темірхан Елеубаев) ұйымдастырған алғашқы шаралардың бірі, түпкі мақсат Орал мен Астана төрінде қос батырға арналған ескерткіш орнату айтса, белгілі ақындар Қайрат Жұмағалиев пен Ақұштап Бақтыгереева Махамбет поэзиясының мәңгілік жасай беретіндігін атап өтті.
Кеште аталмыш қор ұйымдастырған жыр мүшәйрасы қорытындыланды. Барлығы жиырмадан астам үміткер қатысқан өлең бәйгесінің басты ерекшелігі жастардың жарқырап шығуы болды. Бірінші орынды белгілі батысқазақстандық ақын Жанғали Набиуллин жеңіп алса, жаңақалалық, қазір Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың 1 курс студенті Шерхан Талап екінші жүлдегер атанды. Жәнібек ауданынан келген Т.Жароков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ләззат Мақаш пен оралдық тележурналист, ақын Мұңайдар Балмолда үшінші орынға көтерілді. Жаңақалалық оқушы Жандарбек Жұмағұлов, Зеленов ауданы Щапов ауылынан келген жас маман Сыйлыхан Жұмасалихов және Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің шәкірті Алпамыс Файзолла ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Олардың бәріне де ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.