Оралда кәсіпкер әйелдің жауапкершілікке негізсіз тартылғаны анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты кәсіпкер Ш-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. 

сот
Фото: freepik.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 479-бабы бойынша полицияның қылмыстың алдын алу шараларын қабылдау туралы ұсынысын орындамағаны үшін қозғалған.

Сот талқысында анықталғанындай, 2024 жылдың тамыз айында Шаған полиция бөлімінің тергеушісі, лейтенант Х. өзінің өндірісіндегі қылмыстық іске байланысты жағдайларды жою талабымен «Avicenna» клиникасына ұсыныс жіберді. Құжат интернеттен алынған мекенжай бойынша жолданып, оны азаматша Ш. қабылдаған.

Тергеу мәліметінше, заңға сәйкес азаматша Ш. бір ай ішінде жауап беруге міндетті болған, алайда бұл талап орындалмады. Сотта полиция қызметкері К. істің азаматша Ш-ға қатысты қозғалғанын жеткізді, себебі ұсынысты қабылдағаны туралы оның қолы қойылған.

Сот отырысында Ш. «Avicenna» клиникасының басшысы еместігін, тек бұл ғимараттың иесі екенін және оны жалға беретінін айтты. Полицияның ұсынысы қате жіберілгенін, себебі «Avicenna» заңды тұлға ретінде тіркелмегенін және клиниканың тек жалдау шарты негізінде жұмыс істейтінін түсіндірді. Ол өзіне тиесілі емес ұйымдарға немесе заңды тұлғаларға жіберілген ұсыныстарды орындауға міндетті емес екенін атап өтті. Бұл уәждер соттағы материалдармен расталды.

Сот дәлелдемелерді зерттей отырып, азаматша Ш-ның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келді. Себебі ол полицияның ұсыныс талаптары қолданылатын субъект болып табылмайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 10-бабына сәйкес кінәсіздікке қатысты барлық күмәндар жауапқа тартылып отырған тұлғаның пайдасына шешілуі тиіс.

Аталған кодекстің 741-бабы 2-бөлігіне сәйкес сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

- Сот бұл істе әкімшілік іс қозғау рәсімінің бұзылғанын анықтап, Орал қаласы полиция басқармасы басшылығына жеке қаулы шығарды. Қаулыда кәсіпкер әйелді негізсіз жауапкершілікке тартуға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдану сұралды. Бұл іс кінәсіздік презумпциясын сақтаудың және әкімшілік іс қозғау алдында барлық мән-жайларды мұқият тексерудің маңыздылығын көрсетті. Сот негізсіз айыптаулардың істің тоқтатылуына ғана емес, сондай-ақ тәртіп бұзған қызметкерлердің жауапкершілікке тартылуына әкелуі мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шекарада қызметіне салғырт қараған әскери қызметшінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар