Оралда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХV сессиясы болды
ОРАЛ. 23 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Орал қаласындағы қазақ драма театрының залында «Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ съезінен туындайтын міндеттер туралы» тақырыбында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХV сессиясы өтті.
Оның жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов қатысып, сөз сөйледі.
Сессия мәжілісіне Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев төрағалық етіп, аймақтық ассамблеяның ағымдағы жылға арналған жұмыс бағыттары мен міндеттерін айқындаған баяндама жасады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы стратегиясының негізгі бағыттарын іске асыру жөнінде облыс ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сессияға қатысушылар Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының барлық іс-әрекеті ел бірлігін, қоғамдық келісім мен ынтымақты нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді. Сондай-ақ бірлік пен өзара түсінушілік тәуелсіз елімізді экономикалық, әлеуметтік ілгерілеу жолымен алға ұмтылдырып, Қазақстанның демократия бағытындағы бейбітшілік пен жасампаздық игілігі үшін одан әрі дамуына жағдай жасайтыны атап көрсетілді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аймақ тұрғындарына арналған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ХV сессиясының арнайы қарары қабылданды.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ұйымдастырған фотобәйгенің қорытындысы бойынша үздік фотографтар деп танылған Оксана Каткова («Пульс города» газетінен), Ирина Мартынова («Надежда» газетінен), Мақсот Ержанов (Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы), Максим Письменов және ең жас фотограф Розалия Халелова марапатталды.