Оралда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға төрт үй салынуда
ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Зачаган кентінде жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік төрт үй салынуда. Бұған үміткерлер 8 қаңтардан бастап құжат тапсыруда.
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының мәжіліс залында өткізілген «Қолжетімді баспана - жастарға» атты дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Жастарға жеңілдікпен берілетін жалдамалы үйлерге кемінде екі жыл некеде тұрған, қалалық тіркеудегі, жеке меншігінде жылжымайтын мүлігі жоқ, жастары 29-ға толмаған жас отбасылар үмітті бола алады. Бұл бағдарламаның өзгешелігі, пәтер кілтіне ие болғандар сегіз жыл бойы сол жалға алынған пәтерінде тұрып, оны келешекте сатып алу үшін шотына қаржы жинайды. Шоттары жіті қадағалауда болады. Сондай-ақ коммуналдық төлемдерін де өздері төлеп тұрады. Ол қоныстанушыларға сегіз жылда үйдің 50 пайызын жинауға мүмкіндік берілген. Шамасы жетсе белгіленген соманы ертерек жинауға да болады. Жартысы жиналғасын қалған 50 пайызына «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жылдық мөлшері 4 пайызбен 180 айға несие бермек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Айгүл Әбуғалиқызының сөзіне қарағанда, егер отбасылар үйдің жалпы сомасының 50 пайызын 8 жыл емес, 3 не 5 жылда жинақтай алса, біздің банктің «Бастау», «Өркен» жеңілдетілген тарифтерін пайдалана алады.
«Жастарға біршама жеңілдік ұсынылып тұрған бұл үйлерге күніне 50 шақты отбасы құжат тапсыруда», - дейді мамандар. Жаңа пәтерлердің иелері балдық жүйемен іріктелмек. «Жұптың некедегі әр жылы үшін 5 балл, тұңғыш балаларына 20 балл, екінші, үшінші нәрестелеріне 30 балдан қосылады. Отбасының созылмалы аурумен ауыратын мүшесі болса 10 балл беріледі. Бұрын осындай бағдарламаларға қатысып, комиссияның оң шешімін ала алмағандарға 5 балл үстемелеу де қарастырылған. Құжаттар 8 ақпанға дейін қабылданады», деді жиынға қатысқан «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-ның тұрғын үй бөлімінің бас маманы Қанат Өмірәлиев. Сондай-ақ бұл жолы мемлекеттік қызметте істеуі тиіс немесе осындай салада еңбек етуі шарт деген шектеу жоқ. Бастысы - отбасының төлеу қабілетін банк құптаса болғаны.
Жалдамалы жаңа үй иелері сегіз жыл бойы, әр ай сайын шоттарына қырық шаршы метр болатын бір бөлмелі үйге 20 мың теңгедей, 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерге 30 мың теңгедей қаржы салып отыруы тиіс. Бұл - бұған дейінгі бағдарламалар ұсынған үйлердің ай сайынғы төлемінен анағұрлым төмен. Жиынға қатысқан қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, банк қызметкерлері, жас отбасылар «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы туралы өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын да айтты.