Оралда құрылыс саласының майталмандары марапатталды (ФОТО)
Құрылысшыларды төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осынау жасампаз мамандық иелерінің алдына да үлкен міндеттер қойып отыр. Мысалы, 100 қадамның төртеуі осы салаға қатысты. Соның ішінде дүниежүзілік стандарттарды алу жөнінде кодификация, стандарттарды біріздендіру, жаңа техника мен технологияны қолдану, инвесторларды құрылыс саласына тарту, қазақстандық құрылыс индустриясы кәсіпорындарының сыртқы нарыққа шығу мәселелерін шешіп, Елбасы тапсырмаларын орындаудың маңызы зор. Қазіргі таңда өңірде құрылысшылардың қолымен көптеген жаңа нысандар салынуда. Олар қалада ғана емес, алыс ауылдарда да бой көтеруде. Жалпы, облыстың құрылыс индустриясы қалыпты дамуда. Жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қос бірдей үй құрылысы комбинаты тұрғын үйлерді жаңа технология бойынша салуда. «Болашақ-Т», «СВ+» компанияларының қатысуымен мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде апатты үйлерді жою жобасы қолға алынды. Мемлекеттік қолдау да ойдағыдай. Мысалы, «Қолжетімді баспана - 2020» және өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 4,5 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жоспар 240 мың шаршы метр болса, күні бүгін барлық қаржы көздері есебінен 98,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік маңызы зор нысандарды дер кезінде, сапалы іске қосу маңызды. Айталық, Шыңғырлау ауданы орталығында 290 орындық балабақша салынып жатса, республикалық бюджеттен бөлінген 1,4 млрд. теңгеге Орал қаласының Зачаган кентінде 1200 орындық мектеп пен Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 оқушыға арналған білім ордасы жуырда пайдалануға берілмек. Апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында жергілікті қазына есебінен Теректі ауданындағы Юбилейный, Жаңақаладағы Сарыкөл, Жуалыой ауылдарындағы әрқайсысы 108 орындық мектептер құрылысы да аяқталып келеді. Салынып біткен, құрылысы жалғасып жатқан басқа да нысандар баршылық.
Салтанатты жиында «Уральскводстрой» АҚ-ның вице-президенті Владимир Бакалкин, «Құрылыста кешенді инжиниринг қызмет атқару» ЖШС-ның директоры Мұрат Бахишев, «Альтаир» ЖШС директорының орынбасары Виктор Дорошенко, «Жайыққұрылыс» ЖШС бас директоры Владимир Кардонский, «ГазПромПроект» ЖШС бас инженері Зоя Комарова, «Кульман» ЖШС директоры Владимир Кульдяев, «Нұртем» ЖШС директоры Темірғали Нұрмұхаев, «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның учаске басшысы Александр Стасюкевич «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ тағы бір топ адам «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР Ұлттық экономика министрінің, ҚР Инвестиция және даму министрінің Құрмет грамоталары мен алғысхаттары және облыс әкімінің алғысхаттарын иеленді.