Оралда мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң жобасының негізгі тұжырымдары түсіндірілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 11 қараша күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті Еуропалық одақтың «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және жаңарту» жобасы және «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның қолдауымен Орал қаласында «Мемлекеттік қызметтегі жаңалықтар» деген тақырыпта аймақтық семинар өткізді.
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан жүзден астам мемлекеттік қызметкерлер қатысқан шарада айтылғанындай, Еуропалық одақтың «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және жаңарту» жобасы мемлекеттік басқару мәселелері бойынша еуропалық тәжірибені Қазақстанда жүзеге асыруды көздейтін халықаралық бастама болып табылады.
Жиынды ашқан департамент басшысы Әділхан Әшірбаев мемлекеттік қызмет туралы заң жобасының Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында қолға алынғандығын атап өтті. Еуроодақ жобасы да тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесін құруға септеседі. Ең бастысы, мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау бағытында мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік қызметкерлер алдымен халыққа және қоғамға қызмет етуі тиіс.
Бірінші сессия барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайыржан Тоқышев қатысушыларды биыл 22 қазанда Қазақстан Парламенті Сенаты отырысында қабылданған «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасының негізгі қағидалары және тетіктерімен таныстырды. Ол мемлекеттік қызмет туралы заң жобасының кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсатында даярланғандығын атап өтті. 12 бөлім, 69 баптан тұратын жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметке қабылдауда кез келген мансап бойынша өсудің ең төменгі лауазымнан басталатындығы атап көрсетілді. Мемлекеттік қызметкердің біліктілігін арттыру да жүйелі түрде жүзеге асырылып тұрады. Жұмысқа алынарда үміткердің бейінді білімі мен іскерлігі, құзіреттілігі анықталып, ескеріліп отырылуы тиіс. Жаңа жылдан бастап, жаңадан келген үміткерлерді құқық қорғау орындарына жұмысқа қабылдау тестілеу арқылы арқылы өтеді. Қай сала немесе қай мемлекеттік қызмет болсын, оған алынған үміткердің міндетті түрде тәлімгері болуы қажет. Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсында бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуы міндетті.
Жиынға қатысқан Еуроодақ жобасының аға сарапшысы Максимилиан Фодингер мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша халықаралық тәжірибе, сонымен қатар заңнамалық бастамалар саласының жалпы үрдістері туралы айтты. М.Фодингер кез келген заң жобасын даярлау кезінде ашықтық, есеп беру, тиімділік және заңның ұлықтылығы қағидаларын негізге алу керектігін атап көрсетті. Шетелдік өкіл сыбайластық жемқорлыққа қатысты қызықты мысалдарды тілге тиек етті. Мәселен, Швецияда бөгде біреудің шақыруымен мейрамханаға барған мемлекеттік қызметкер жемқорлыққа қатысқан болып есептеледі екен. Ал Грекияда егер мемлекеттік қызметкер түстікке шақырғанда бармаса, әбестік танытқан болып есептеледі. Еуроодақ жобасы басшысының орынбасары Константин Сокульский мемлекеттік қызметкерлерді басқарудың голландиялық үлгісі жөнінде хабардар етті.
Екінші сессияда мемлекеттік органдар персоналын басқару қызметтерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін енгізу мәселелері талқыланды. Мұнда «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның бас сарапшысы Ғани Зияшов жаңа жүйенің персоналды басқару қызметтерінің жұмысын автоматтандыруға, ақпаратты өңдеуге кететін әкімшілік шығындарын қысқарту және мемлекеттік қызметкерлер туралы толыққанды кадрлық мәліметті «онлайн» режимінде алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.