Оралда олимпиада жүлдегері Д.Гаджиевке құрмет көрсетілді
ОРАЛ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - 19 тамыз күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев грек-рим күресінен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Даниял Гаджиевті аталмыш жеңісімен құттықтап, алғысхатпен қоса «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Батысқазақстандықтар 84 келі салмақта олимпиада жүлдегері атанған Даниял Гаджиевті құшақ жая қарсы алып, лайықты құрмет көрсетті. Дағыстан елінде туып-өскен Даниял екі жылдан бері Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап келеді. Жиырма алты жасар балуанның төрт жылдан кейін өтетін олимпиадалық ойындарда да олжа салуына мүмкіндігі бар.
Облыс басшысы сондай-ақ Лондон олимпиадасына қатысқан Алексей Дергунов, Анастасия Баннова, Георгий Шейко, Виталий Аничкиндерге ақшалай сыйлық тапсырды.