Оралда Олимпиадаға қатысушы қазақстандықтарды қолдау мақсатында спорттық ойындардан жарыстар өтті

Қаладағы 16 аула клубының әрқайсысынан он бала қатысқан шараның көрермені көп болды. Шара барысында 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдерге «Көңілді сөре» ойындары ұйымдастырылды. Спортқа ден қойған жеткіншектерге Лондон Олимпиадасы туралы түрлі сауалдар қойылып, мүдірмей жауап бергендеріне сыйлықтар ұсынылды. Шараның басты мақсаты Олимпиадаға қатысушы қазақстандық спортшылардың жанкүйерлерін көбейтіп, оларға қолдау көрсету, жеткіншектердің спортқа қызығушылықтарын арттыру, оларға өтіп жатқан олимпиада туралы кеңірек мағлұмат беру, дейді ұйымдастырушылар. Балалардың көңілді шарасы ән-бимен әрленіп, шараға жиылған қарияларға қуаныш сыйлады
Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында батысқазақстандықтар да өнер көрсетіп жатқаны белгілі. Әсіресе, бүгін Алексей Дергуновтың ескек есуден 1 мың метрлік қашықтықта Евгений Алексеевпен бірге финалға шығуы бір қуантып тастады. Сондай-ақ грек-рим күресінің тәжірибелі спортшысы Даниял Гаджиев бар.