Оралда өндірілетін тәттілер ресейліктерге ұнап жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орал іргесіндегі шаруа қожалығының кондитерлік өнімдері ресейліктерге ұнауда, деп жазады egemen.kz.

Орал шаһарына жалғасатын Желаев өндірістік аумағындағы «Поп­ков» шаруа қожалығының егін егумен қатар, өндіріспен айна­лыс­қанына 20 жылдың жүзі болды. Бастапқыда макарон өнім­дерін шығарумен айналысты. Бірақ нарықтан орын табу қиынға түсті. Ал бүгінде кондитерлік және нан, вафли, тоқаш өнімдерін өндірудің шебері атанды. Сапалы өнімдерімен күллі елімізге ғана емес, көршілес Ресей нарығына да танылған. Мұнда кондитерлік өнімдердің 30-шақты түрі өндіріледі. Сонымен қатар, кәсіпорын нан өнімдерімен Орал қаласын тұрақты қамтып отыр.

- Өнімдерімізге Ресейдің Челябі, Нижний Новгород, Са­ма­ра, Саратов, Орынбор облыс­тарынан сұраныс мол. Пірән­дік пен вафлиіміз ондағы тұтыну­шы­ларымызға ұнайды. Қазір мәскеуліктермен келісімшарт жасауға дайындыққа кірістік. Өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортқа Ресейге шығарылады. Өнім өткізу жөнінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақ­стан, Ақмола, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан өңірлерімен де ке­лісімшарттар жасалған. Дағ­дарысты сезініп отырғанымыз жоқ, жұмысымыз ырғақты, - деді «Попков» шаруа қожалығының жетекшісі Алексей Попков.

2011 жылы кәсіпорын «Биз­нес­тің жол картасы-2020» мемле­кеттік бағдарламасы бойынша «Цес­набанк» АҚ-тан несиелік қаражат алып, тоқаш және вафли өн­діретін жаңа желі орнатты. Мем­лекеттің қолдауымен «Даму» кә­сіпкерлікті дамыту қоры арқылы банк несиесінің 14 пайыздық мөлшерлемесінің 50 пайызын субсидиялауға қол жеткізді. Жаңа екі желінің іске қосылуымен 30 адамға жұмыс ашылған. Барлық өндірістік цехтарды қоса алғанда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнында тәулігіне 8 тонна өнім өндіріледі. Өнім өндіруге шикізаттың 50 пайызы өздерінен, қалған бөлігін өзгелерден сатып алады.

- Шаруа қожалығына қарас­ты цехта жұмыс істегеніме 2 жыл болды. Біздер дайын өнім­ді қорапшаларға саламыз. Жала­қымыз тұрақты, түнгі ауысымға Оралдан жұмыс автобусымен тасымалдайды, - деді жұмысшы Самал Жангереева.

Шаруа қожалығының басшысы А. Попков алдағы жұмыс жос­парының көптігіне тоқталып жат­пай, әзірге экономикалық қиын­шы­лықтар кезеңінде тұрақты жұмыстың өндіріс үшін мән-маңызы зор екендігін салмақтап берді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram