Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда өткен айтыста Махамбет ескерткішін орнату мәселесі көтерілді (фото)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Жастар шығармашылығы орталығында Наурыз мерекесі мен Қазақстанның батыс өңірінде аталып өтетін Көрісу мерекесіне орай «Тәуелсіздік тағылымы» атты аймақтық ақындар айтысы мәреге жетті.

Оралда өткен айтыста Махамбет ескерткішін орнату мәселесі көтерілді (фото)

Белгілі айтыс ақыны Бауыржан Халиолла ұйымдастырған сөз додасына батысқазақстандықтармен бірге көршілес Ақтөбе мен Атырау облысынан келген жүйріктер де қатысты.

Айтыс беташарын ашқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық жұртшылығын көктемнің мерекесімен құттықтап, ақындарға шығармашылық табыс тіледі. Өнер бәйгесі барысында жәнібектік Назгүл Кәрімова мен қаратөбелік Ертай Бимұханов құрдастық қалжыңдарымен жастық шақтарын еске алса, теректілік Эльдар Ихсанов пен сырымдық Бауыржан Ширмединұлы аға мен іні ретінде бірін-бірі әдемі іліп-қақты. Сондай-ақ, жергілікті жас ақындар Жарқынбек Шынтаев пен Орынбек Меңдіқұлов, Талғат Мықи мен Естеміс Мұхамбетов, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен жәнібектік Мұрадым Мирланов өлеңдерін әзіл-қалжыңмен өрнектеді. Ең бастысы, көктем лебі ескендей, жастар оралымды ойларымен, тосын теңеулерімен жұртшылықты елең еткізді. Батысқазақстандық Айнабек Бисенғалиев ақтөбелік Аян Сейітовпен айтысында Оралда Махамбет ескерткішін орнату мәселесін де көтерді. Мұнда көптен сөз болып келе жатқан Қазақстанның батыс қақпасына ақын ескерткіші керек деген көпшілік тілегі жатты. Сонымен қатар қыз бала тәрбиесі, жастарға қамқорлық, жер мен баспана сынды өзекті жайттарды да келістіріп айта білді. Бұл айтыстың ерекшелігі, ол қазылар алқасынсыз, еркін өтті. Дегенмен ақындар сый-сияпатсыз қалған жоқ.