Оралда Президент күніне орай халықаралық конференция ұйымдастырылды (ФОТО)

Онда Елбасымыздың Еуразиялық идеясы, Еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық, Президенттің мемлекеттің қалыптасуындағы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүргізудегі, сонымен қатар елімізде бейбітшілік пен келісімді, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны кеңінен талқыланды. Ұлытау төріндегі толғанысқа байланысты өрелі ойлар да айтылды.
Конференцияға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекенің мән-маңызы ерекше екендігін атап өтті. «Бұл күн - Қазақстан халқының республика игілігі үшін дұрыс жолды, күшті президенттік билік жолын таңдаған күні. Бұл -қоғамды бірліктің, жасампаздықтың құндылықтарына, экономикалық, саяси, әлеуметтік жаңғыруға жұмылдыратын күн. Бұл - біздің халқымыз өздерінің болашағы үшін ауқымды жауапкершілікті Тұңғыш Президентке, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен сенім артқан күн», деді әкім.
Елбасы Жаңа Жолдауында ел дамуының басты бағыттарын белгілеп, тың міндеттер жүктеді. Бүгінде Жолдау Қазақстан ғана емес, басқа мемлекеттерде де қолдау тауып отыр. Алдағы жыл ұлттық тарихымызды ұлықтап, мерейлі белестерді атап өтер жыл болмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кеңінен тойланатын болады.
Бұдан жиырма жыл бұрын, 1994 жылы Қазақстан Президенті Мәскеу мемлекеттік университетінде тұңғыш рет Еуразиялық ықпалдастық одағын құру туралы ой тастаса, биыл сол идея жүзеге асты. 2014 жыл Еуразиялық экономикалық одақ құрылған жыл ретінде тарихта қалмақ.
Конференцияда сондай-ақ Сенат депутаты Рашит Ахметов, Мәжіліс депутаты Самиғолла Оразов, Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов, батысқазақстандық тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев және басқалар сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын алға бастаудағы көшбасшылық рөліне жан-жақты тоқталды.